"Біз "Арыстанның" бірнеше қызметкерінің Алтынбек Сәрсенбаевты ұрлауға атсалысуына қатысты оқиғаны олар тарапынан қақ арқа тұсынан пышақ салу деп қабылдадық",- деді К.Бекназаров.
Ол ҰҚК-нің кейбір қызметкерлерінің осы қылмысқа қатысы бар екенін белгілі бола сала комитет басшылығы бірқатар шараларды қолға алды деп еске салды. Атап айтсақ, "Арыстан" арнаулы тобының басшылығы түбегейлі өзгертіліп, осы бөлімнің барлық қызметкерлері аттестациялаудан өтті. Соның қорытындысына сәйкес, К.Бекназаровтың айтуынша, 20 адам жұмыстан қудаланған.
Сонымен бірге , К.Бекназаровтың айтуынша, Арыстанның" бірнеше қызметкерінің Алтынбек Сәрсенбаевты ұрлауға атсалысуын ҰҚК-нің басшылығы "мамандар таңдаудағы кейбір олқылықтардың кесірі" деп бағалайды. "Дәл осы тұлғалар (Сәрсенбаевты ұрлауға қатысқан "Арыстан" қызметкерлері - Kazakhstan Today ескертпесі) бізге басқа мекемелерден келген. Олардың адамгершілік және моральдық қасиеттерін бағалауда кемшіліктерге жол берілген",- деді К.Бекназаров.
Осы орайда еске сала кетсек, "Арыстан" арнаулы тобының бұрынғы алты қызметкері саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін ұрлағаны үшін сотталды. Қаза тапқандардың мәйіттері 2006-жылдың ақпан айында Алматы іргесінде оқ тиген жарақаттармен табылған болатын.