"Үстіміздегі жылдың 2-қарашасындағы мәлімет бойынша Ресей Федерациясының аумағында тұрақты өмір сүру үшін 105 отандас қоныс аударды. Бұл біз күткеннің тек бастамасы ғана", - деді В. Каланда.
В. Каланда тексеруге төрт мыңнан астам анкета қабылданғанын, күн сайын жүзден астам арыз түсетіндігін, олардың 90 пайызынан астамы ТМД елдерінің азаматтарынан екендігін атап көрсетті. Әрбір құжатты қарастыру мерзімі 60 тәуліктен аспайды. Ресей Федерациясының Федералдық көші-қон қызметінің директорының бірінші орынбасары атап көрсеткеніндей, Ресей заңнамасына сәйкес әр қоныс аударушы кем дегенде 6 айдан кейін азаматтық алады.
Ресей Федерациясының Федералдық көші-қон қызметінің өкілінің айтуынша, кейбір аймақтар отандастарды көшіріп алу бойынша аймақтық бағдарламаны дайындауда адал ниет көрсетпеген.
В. Каланда сондай-ақ, "бүгінгі күні біз отандастарды жинақы көшіру механизмін жасап шығаруымыз қажет", - деп мәлімдеді. Мұндай тәжірибе бар. Биылғы жылы Грузиядан 150 адам көшіп келсе, келер жылы тағы 500 адам мәңгі қоныс аудармақ ниетте.
"Біз адамдарды көшірумен айналыспаймыз. Біз тек өз беттерімен көшу туралы шешім қабылдаған адамдарға көмек қолын созамыз", - деп атап көрсетті В. Каланда.
Оның айтуынша, келер жылы осы бағдарламаға Ресейдің тағы 33 аймағы қосылады. Сонда Ресейлік отандастардың көшіп баруға таңдайтын жерлері көбірек болады. Қазір бағдарламаға тек 12 аймақ қана қатысып отыр. Олар - Калининград, Калуга, Новосибирск, Тюмень және Ресейдің тағы да басқа облыстары.
В. Каланда сондай-ақ, отандастарды ерікті көшіп келуіне ықпал етудің мемлекеттік бағдарламасы бұдан бұрын жоспарланғандай 2012 жылы аяқталмайды, деді. Одан кейін де өз жалғасын таппақ. Бес жылдан кейін Ресей 683 мың адамды қабылдауды жоспарлап отыр.
"Бағдарлама уақыт параметрлерін кеңейтіп отыр. Ол жұмысын жасай береді", - деп атап көрсетті Ресей Федерациясының Федералдық көші-қон қызметінің директорының орынбасары.
Шетел мемлекеттерінде тұратын отандастардың Ресей Федерациясына ерікті көшіп келуіне көмектесудің мемлекеттік бағдарламасы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің жарлығымен 2006 жылдың маусым айында бекітілген болатын. Алайда, құжат бірнеше ондаған нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануын күтті. Нәтижесінде бағдарлама тек үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істей бастады.
Орта Азиядағы ресейлік отандастардың аймақтық конференциясы Бішкек қаласында 7-қарашада басталып, Ыстықкөлде 8-9 қараша күндері жалғасқан еді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті