Отандық ғылымда кадр тапшылығы орасан: Ғылымда аты шыққан дарынды балалар неге елеусіз қалып отыр?

Олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысқан дарынды балалар тең қолдау көруге тиіс, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Журналист Оңғар Қабден отандық дарынды балалардың елеусіз қалғанына шүйлікті.

Шетелде өткен беделді пән олимпиадаларынан бірнеше дарынды баламыз алтын-күміс, қола жүлдемен оралды. Одан бөлек, кеше ғана Халықаралық 3 ғылыми конкурсқа қатысқан жеңімпаз оқушыларымыз бар. Олар:

- Сеулде өткен WICO халықаралық жарысында Иван Грибенщиков пен Артемий Нечаев (Риддер қ.) алтын медаль, Мадияр Ізбасаров (Қарағанды) арнайы жүлдені жеңіп алды;

- Куньмин қаласындағы 8-ші Teenager Maker лагеріне 6 қазақ оқушысы қатысып, сертификаттар мен медальдарға ие болды;

- Тяньцзинь қаласында өткен халықаралық CASTIC-38 ғылыми конкурсына құрамында Арлан Жақанов, Ғазиза Төлепбек пен Дария Мейірбек бар қазақстандық оқушылардың екі командасы қатысып, қола жүлде жеңіп алды.

Бұның бәрі “Ғылымдағы балалар” атты керемет жобаның авторы-жетекшісі, саясаттану ғылымдары бойынша PHD Ләззат Құсайынова ханымның және «Алматы-Дарыны» орталығы мен Риддер қаласындағы №1 мектеп-лицейінің үлкен еңбегінің нәтижесі.

Ал енді, балаларды марапаттау мен ынталандыру қалай жүзеге асып келеді? Бұл туралы журналист Оңғар Қабден пікір білдірді.

Физика, химия сияқты пән олимпиадаларында медаль алған оқушылар таңдаған университетіне грант алады, ақшалай сыйақысы және бар.

Бірақ, халықаралық ғылыми конкурсқа қатысып, ғылыми жоба қорғаған балаларымыз елеусіз қалып келеді. Оларға мемлекет тарапынан ештеңе берілмейді.

Нақты бір ғылыми зерттеумен айналысып, тыңғылықты жоба әзірлеген дарынды балаларды Оқу-ағарту министрлігі неге қолдамайды?

Бұлар болашақ ғалымдар емес пе?

Отандық ғылымда кадр тапшылығы орасан!

Дарынды балаларды қолдап, ынталандырып отырмаса, ертең шетелге кетпесіне кім кепіл?

Орта білімге салынып жатқан қаражаттың қайтарымы болуы керек емес пе?!?

Лагерьлерге бөлінетін миллиардтаған қаражат ғылыми лагерьлерге неге бөлінбейді?

Атап айтар нәрсе, халықаралық ғылыми конкурстарға бұл балалар демеушілердің, ата-анасының қаражатына барды. Мемлекеттен ақша алған жоқ. Ләззат Абайқызы жүздеген хат жазып жүріп, демеуші тапқанының арқасы.

Президент ғылымды мектеп қабырғасынан бастау керек деп тапсырма берді, бірақ осындай жекелеген энтузиастар болмаса, бұл тапсырма жүйелі іске асырылып жатқан жоқ.

Оқу -ағарту министрлігі мәселеден хабардар, бірақ ғылымға құштар дарынды оқушыларды қашан қолдайтыны белгісіз.

Куаныш Ергалиевтің “Шетелдегі 100 қазақ ғалымы” жобасын қараңыздаршы, қандай ғалымдарымыз елден кеткенін білесіздер.

Сондықтан, олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысқан дарынды балалар тең қолдау көруге тиіс.

"Мен көктемде балалардың ғылыми лагеріне барып, өз көзіммен көрген едім. Мұндағы оқушылардың ғылымға қызығушылығына, жобаларына тәнті боласыз. Оларды тек билік, қоғам болып қолдау керек", - деді журналист.