Отандық телеарналар Түркия аумағында хабар таратады

Бұл туралы Анкарада өткен кездесуде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Қанат Ысқақов Түркия Президенті жанындағы Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранмен жүздесіп, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сәлемін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық телеарналардың Түркия аумағында хабар таратуына қатысты уағдаластыққа қол жеткізді, деп жазады qazaqstan.tv.

Сондай-ақ, екі ел арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты нығайту, мемлекет басшылары жүктеген міндеттерді жүйелі түрде іске асыру мәселелері талқыланды.

Вице-министрдің айтуынша, тараптар бірлескен медиа жобаларды жүзеге асыруға, соның ішінде мәдени және тарихи мұраны насихаттау, туризмді дамыту, инвестициялық әлеуетті арттыру бағытындағы ортақ жобаларды пысықтауға келісті. Бұдан бөлек, дезинформацияға қарсы іс-қимыл, ақпарат алмасуды күшейту мәселелеріне де назар аударылды.

"Ең басты мақсат – ортақ міндеттер мен түркі мемлекеттерінің біртұтас мүддесі аясында бірлескен жұмысты жалғастыру, – деді Қанат Ысқақов.