Отандық әуе компаниялары Украинаға ұшудан бас тартты

Еліміздегі әуе компанияларының ішінде «Эйр Астана» ғана Украинаға жолаушы тасымалдайды екен. Енді «Алматы-Киев» бағытындағы жалғыз рейс уақытша тоқтатылып отыр. Өйткені Украин әскері мен сепаратистер соғысып жатқан аумақпен ұшу қауіп төндіре бастады. Осыған қарамастан «Эйр-Астана» Киевке қатынайтын балама жол іздеуге шұғыл кірісіп кеткендей.

Питер Фостер, "Эйр Астана» АҚ президенті:

-«Алматы –Киев» бағытына билет алып қойған азаматтардың ақшасын қайтарып береміз. Ешқандай комиссия алынбайды. Ал Ресей әскери ұрыс жүріп жатқан аймақты айналып өтетін солтүстік бағытпен көкке көтерілуге рұқсат берсе, қайта ұшамыз. Бірақ оған рұқсат аламыз ба жоқпа белгісіз.

Қазір «Эйр-Астана» емес, әлемнің барлық ірі әуе компаниялары Украинаның Ресеймен шекаралас аймағымен ұшудан жаппай  бас тартып жатыр. Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған жолаушыға лық толы ұшақ жерден атып түсірілген соң Украина мен Ресей шектесіп жатқан кеңістіктен халықаралық бағыттағы лайнерлер балама жолмен айналып кетуде.


Серік Мықтыбаев, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

-Қазір Еуропадағы халықаралық   әуе навигациясы мен  қауіпсіздік ұйымы Украинаның Оңтүстік Шығысындағы бағытқа шектеу қойды. Сөйтіп бұған дейін орташа не жоғары биіктікте ұшуға рұқсат етіліп келген әуе кеңістігі толықтай жабылды. Апаттың нақты себебі анықталмайынша, ашылуы екіталай. Ол болса ұзаққа созылуы мүмкін.