Отандық автокөліктерді сатып алушыларға 4 пайыздық мөлшерлемемен автонесие беріледі

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «ҚДБ» АҚ Басқармасының төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді. 

«Ұлттық қордан 20 жылдық мерзімге 15 млрд. теңге бөлінді. Қарыз алушыға берілетін несиенің мерзімі 5 жыл екенін ескеретін болсақ, бұл бағдарлама бір реттік емес, тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады. Банктер несилердің өтелуіне қарай, несие алуға ниет білдіргендерді қаржыландырып отырады», - деді Б. Жәмішев.

Оның айтуынша жылдық атаулы мөлшерлеменің көлемі 4 пайыздан аспайды.  Бұл жерде жылдық тиімді мөлшерлеме сақтандыруға және несиені рәсімдеуге кеткен шығындарды есептегенде 7,5 пайызды ғана құрайды.   

«Машиналардың бағасы 5 600 000 теңге болады, яғни шамамен 30 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл несие алушыларды көптеп қамтуға арналған. Бастапқы жарнаның көлемі - 20 пайыз. Несие тек жеке тұлғаларға ғана беріледі»,  - деді «ҚДБ» АҚ Басқармасының төрағасы.


Ол сонымен қатар, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерлер бағдарламаның екінші бөлігін пайдалана алатындығын жеткізді. Яғни, көліктерді лизингке сатып ала алады. Лизингтің мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін. Атаулы жылдық мөлшерлемесі - 4 пайыз. Несие теңгемен беріледі. Лизинг бойынша бастапқы жарна көлік бағасының 30 пайызын құрайды.