Отандық көліктерді сатып алуға жеңілдікпен несие алу бағдарламасы 1-сәуірден басталуы мүмкін


"Азия Авто Қазақстан" АҚ бас директоры Ержан Мандиевтің хабарлауынша,Қазақстанның даму банкі екінші деңгейдегі банктер арқылы бұл бағдарламаға шамамен 15 млрд теңге бөлмек. Қосымша 5 млрд теңге коммерциялық техниканы корпоративті сатып алушылармен жұмыс істейтін лизингтік компанияларға бөлінбек.
Қаржы қайтарылатын негізде бөлінбек.
"Бағдарламаның мақсаты, отандық көліктерді қолжетімді ету. Орташа алғанда, "Азия Авто" көліктерінің 10-ы ішінен алтауы несиеге сатылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандықтар банктен қарызды номиналды 4% мөлшерлемен ала алады. Тиімді мөлшерлеме 7,5% құрамақ, оған бүкіл сақтандырушы төлемдер енбек”, деді Е.Мандиев.
Жылдың басында Қазақстанның көлік шығарушылары мемлекеттік қолдаусыз Ресей, не Беларустің көлік шығарушыларымен бәсекелесе алмайтындығын мәлімдеген болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуық арада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық машина жасау саласын қолдау және ішкі рынокты қорғау шараларын әзірлеуді тапсырған.