Отандық танымал әншілер неше жылғы қаламақыларын даулап, шу шығарды

Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтары хабарлады.

Атағы алыс-жақынға мәлім әншілер құқығымызды қорғайды деп құрған ұйымдарына өкпелі. Он жыл бойы жарытып қаламақы алмадық деген өнер адамдары қоғамдық бірлестіктің басшысы бізге бағынбай кетті дейді. Орындаушылар құқығын қорғайтын бірлестіктің 2019 жылдың наурыз айында есепшоттары бұғатталыпты. Қаламақы алмадық деп шу шығарған әншілердің көбі ұйым басшысын танымаймыз деп отыр. Әншілердің орындау құқығын тиын-тебенге бағалайтын бірлестікке өзгеріс қажет деп санайды екен жиналғандар.

"Үш ай сайын, орысша "квартал" дейді ғой, сол кезде біресе он мың түседі, біресе он жеті мың түседі. Ең көбі отыз мың теңге түскен кезі де болды. Оны жасыруға болмайды", - дейді әнші Өмірқұл Айниязов.

"Бүгінгі күні залда жиналған әншілер авторлық қоғамнан қалтарына түспеген қаламақылары жайлы айтты. Түскен күнде де өзінде адам ұялатын тиын түседі екен", - дейді тағы бір әнші Жеңіс Ысқақова.

Әншілердің қоғамы туралы ашық деректерде жыл сайын 20-25 миллион теңге салық төлейтіні жазылған. Демек ұйымға қомақты кіріс бар деген сөз. Ал қоғамдық бірлестік ұзақ жылдар бойы біраз соттасып, кабельді операторлардың біріне қарыз болып қалған, сот шешімі де шығып қойыпты. Әншілер танмаймыз деген ұйым басшысы жиынға шақырылмады. Алайда оны қорғамаймын деген заңгер сот шешіміне әлі қарсылық танытамыз дейді.

"Директор да осы қиындықтың басында тұр. Оған да бұл жағдай оңай емес, ол да уайымдайды. Соттың шешімін орындауымыз керек. Директор бұл жиынға шақырылмады", - деді "ҚЗМҚБ" РҚБ заңгері Игорь Каримов.


Ашынған әншілер сырттай директорды орнынан алып тастап, Мейрамбек Беспаевты басшы қылып сайлап алды. Себебі ұйым жарғысы бойынша ең жоғарғы билік мүшелер ұйым жиналысы дейді. Ал мыңдаған мүшесі бар бірлестікті басқаруға танымал әнші дайын екен. Түрлі қиындықты түсінемін, алда тапсырма көп деген ол әріптестерінің қолдауын күтеді.

"Әншінің жағдайын әншіден басқа кім түсінеді? Мен жалғыз өзім бұны істеп кете аламын деп айта алмаймын, өйткені бүкіл әншілер маған көмектеседі. Заңгерлердің болуы керек жанымда. Себебі әншілердің қандай мәселесі бар екендігі айтылып, ала алмай жүрген қанша ақша бар екендігі анықталу керек. Қашанғы біз жем болып, жүре бермекпіз?" - деді Мейрамбек Беспаев.

Артымда мыңдаған қолдаушым бар деген жаңа басшы бұрынғы директорды заң алдында жауапқа тарту туралы ойластырып жатыр екен. Ал жиналысқа қатыспаған ұйым директоры телефонмен сөйлесуге де құлықсыз болды. Ұйым ғимаратының есігі болса тарс жабылған, сыртында мөр басылған қағаз да бар.