«Көліктер 2» (2011ж.) - ең алғашқы болып қазақ тіліне аударылған голливудтық мультфильм. Әлемдегі 7 мыңнан астам тілдің ішінде қазақ тілі Walt Disney студиясы ресми дубляж жасаған 39-шы тіл болып отыр. Сондай-ақ, түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі деп те айтуға болады.
Болашақтықтар дубляждың мәтінін аударуға тікелей араласып, ағылшын тілінен тура аударды. Қазақ көрерменіне мультфильмнің айтар ойын тура жеткізу үшін және аз сөзге көп мағына сыйғызу мақсатында қазақтың мақал-мәтелдері мен әзіл-қалжыңдары сауатты түрде қолданылды. Рочестер Технология институтының түлегі, ағылшын және қазақ тілдерін еркін меңгерген Дастан Аспан аударманың басы-қасында жүрді.
Дубляж жасау кезінде 40 шақты адамның дауыстары тексерілді. Жазу процесі Алматы қаласындағы «Синема Тон Продакшн» студиясында жүзеге асырылса, ақырғы монтаж Лондондағы «Shepperton» студиясында жүзеге асты.
Бес басты кейіпкерді дыбыстайтын әртістер Лос-Анджелесте бекітілді. Бір дауысты бекіту үшін фильм режиссері кем дегенде 5-6 дауыс ұсынуы тиіс болды. Басқа кейіпкерлердің дауыстары Алматы қаласында «Уолт Дисней Компани ТМД» компаниясының Disney Character Voices бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен бекітілді. «Көліктер 2» мультфильмінің кейіпкерлерін қазақша дыбыстағандардың қатарында Бақытжан Әлпейісов, Күнсұлу Шаяхметова, Дәулет Әбдіғапаров, Нышанбек Жұбанаев және Азамат Қанапияев бар. Мультфильмді шығарушыларға Қанапияев дыбыстаған Мэтр ерекше ұнапты. «Біз естіп көрген Мэтрлердің ең үздіктерінің бірі», - деді олар. «Біз осы премьераны 5 жыл күтеміз дегенше, мультфильмнің кейіпкерлері қазақ тілін жетік меңгеріп алды», - деп қалжыңдады Вадим Голенко.
«Көліктер 2» - «Болашақ» Қауымдастығы, «Меломан» компаниясы, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған тартуы.