Өткен аптада қазақстандық шекарашылар 28 контрабандалық әрекетке тосқауыл қойды

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш шекара отряды учаскесінде "Дархан" заставасының жанында еліміздің екі азаматы ұсталды, олар ЗИЛ автокөлігімен Өзбекстанға заңсыз жолмен 15 тонна цемент алып өтуге әрекет жасаған.

"Мырзакент" заставасы аумағында Өзбекстан азаматы айдаған КамАЗ автокөлігі ұсталды. Шекарашылар жасағының тексеруі кезінде автокөліктің кузовынан декларацияда көрсетілмеген 16 тонна қара металл қалдықтары шықты. Оны көлік иесі Қазақстанға алып өтпек болған. Аталған істер мен жүктер кеденге өткерілді.
Сарыағаш отрядының шекарашылары жасағы "Красный водопад" шекара өткелегі маңында Қазақстанның 7 азаматын қолға түсірді. Шекара бұзушылар 7 бірдей "Газель" автокөлігімен Өзбекстаннан Қазақстанға контрабандалық 20 тонна көкөніс алып өтпек болған.
Шығыс Қазақстан облысындағы Шемониха шекара өткелегінде еліміздің екі азаматы ұсталды. Олар жүк автокөлігімен шекаралық өткелек емес жермен декларацияда көрсетілмеген 2,5 тонна көкөністерді Ресейге алып өтпек болған.
Қостанай облысындағы "Қайрақ" шекара өткелегінде Ресейге 8 ірі қара малды заңсыз асырып өтпек болған екі қазақстандық, бір ресейлік азамат қолға түсті.
Барлық деректер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.