Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі саудасымен айналысуы мүмкін деген күдікпен тұрақты мекен-тұрағы жоқ , 49 жастағы азаматты ұзақ уақыт бойы аңдыған көрінеді. 14-маусымда күдікті Ащыбұлақ ауылында 1 кг 19 г героинмен қолға түсті.
Екінші топтағы мүгедек болып табылатын күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот процессіне дейін ел аумағынан ешқайда шықпау жөніндегі қолхатпен босатылды.
Сондай-ақ, есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарма қызметкерлері 15-маусымда Талғар ауданындағы жол бойындағы бір кафенің жанынан 33 жасар Алматы тұрғыны мінген "Мерседес" автокөлігінен 3 кг 32,7 грамм героин тапты.
Күдікті Талғар аудандық ІІБ-ның уақытша тергеу қапасына қамалды.
Полиция қызметкерлері аталмыш екі жағдайда да есірткі бір қайнар көзден алынуы мүмкін деген күдікте. Қазір жедел тергеу тобы есірткі таратушы көзді табу мақсатымен шұғыл шаралар ұйымдастыруда.