Caravan.kz медиа порталының тілшісі көтерген мәселе қалай шешімін тапты? Толық материалда.
Кеңес одағының батыры, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, жазушы Бауыржан Момышұлы 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан cоң, елге оралған. Алматыда тұрып, толықтай шығармашылықпен айналысқан. Батырдың түрлі жылдары тұрған үйлерінде қазіргі күні ескерткіш тақталар орнатылған.
1979-1982 жылдары, яғни өмірінің соңына дейін Бауыржан Момышұлы қаланың қақ ортасында тұрған. Бұл үй 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына қарама-қарсы орналасқан. Гоголь-Қонаев қиылысындағы бес қабатты үйдің қабырғасында да ескі мемориалдық тақта болған. Бұрынғы мынау суретке қарасақ, ол ашық жерде болғандықтан халыққа да алыстан көрінетін. 2021 жылы депутаттар сол ескі тақтаны жаңарту туралы ұсыныс жасаған, алайда сол күйі қолға алынбады.
Caravan.kz медиа порталы жоғарыдағы суретті қолына алып, Бауыржан Момышұлының ескерткіш тақтасын іздеп көрсетілген мекенжайға барды. Қазір аталмыш үйдің сыртқы келбеті танымастай өзгерген екен. Бірінші қабаты толықтай коммерциялық нысандармен жабылып қалған. Ары іздеп, бері іздеп суреттегі ескерткішті таба алмадық. Тіпті мекенжай дұрыс емес деген күмән пайда болды.
Тек көшенің арғы бетіндегі қоршауға мініп, алыстан камераның үлкейткіші арқылы қараған кезде ғана тақтаның кішкентай бір бөлігі көзге түсті. Сол сәтте тақтаның ешқайда көшірілмегені, дәл бұрынғы орнында қалғаны белгілі болды. Яғни коммерциялық құрылыс жүргізілген кезде мемориалдық тақтаны ашық, көрінетін жерге ауыстыру мәселесі мүлде ескерілмеген.
Жеңіс күні халық жиналған көшеге қолымызға штатив алып, тағы да оралдық. Түрлі әдістерді қолдана отырып, Бауыржан Момышұлының ескерткіш тақтасын видеоға түсіріп алдық. Ол коммерциялық нысандардың артында қалып қойған екен. Яғни, жаңадан қосылған құрылыс нысандарының артында қанша уақыттан бері халыққа қолжетімсіз жерде қалып келген.
Ең өкініштісі, осы уақытқа дейін бұл мәселені көпшілік те, жауапты органдар да байқамаған.
Дәл сол күні Caravan.kz медиа порталының тілшісі осы мәселені көтеріп, әлеуметтік желіде видео жариялады. Қазақстандықтар жаппай қолдау білдіріп, бұл әрекетті Бауыржан Момышұлына көрсетілген құрметсіздік деп бағалады. Қоғамдық резонансқа ұласқан соң қоғам белсенділері мен журналистер де пікір білдіріп, мемориалдық тақтаны тезірек көрінетін жерге көшіруді талап ете бастады.
Нәтижесінде мәселе бір күнде шешімін тапты. 10 мамыр күні Алматы қаласының Мәдениет басқармасы ресми түрде мемориалдық тақта жаңа орынға ауыстырылғанын хабарлады. Енді ол үйдің аулаға қарайтын бетіне, яғни тұрғындар мен қала қонақтарына көрінетін жерге орнатылған.
Сол үйдің тұрғындарының жазуынша, олар осы уақытқа дейін ескерткіш тақтаны ауыстыру туралы айтып келген екен, алайда бюрократиялық кедергілерден еш нәтиже болмаған. Осылайша қала тұрғындары мен қонақтары мәселенің бір күнде оң шешім тапқанына риза.
Жалпы, мемориалдық тақталар — танымал тұлғалар есімі мен маңызды оқиғалардың естелігін ұрпақ санасына сіңірудің бір жолы. Бұны ел тарихына түскен бедерлі таңба, мәдени мұраның құнды бір элементі деуге де болады.
Адам көшеден өтіп бара жатып, еріксіз тақтаға назар аударады, “осы үйде осындай тұлға тұрған екен” деген ақпарат алады. Мемориалдық тақталар дәл осы мақсатпен орнатылады. Ал оларды жарнама мен коммерциялық нысандардың артына жасыру тарихқа деген құрметсіздік ретінде қабылданады.
11 мамыр күні мемориалдық тақтаның қалай ілінгенін көруге қайта бардық. Қазір тақта расымен де көрінетін жерге қойылған. Дегенмен ол ғимараттың Гоголь көшесіне қараған негізгі бетінде емес, ішкі тұсында орналасқан. Десе де, енді тақта жарнаманың тасасында қалмай, халыққа қолжетімді болғаны қуантады.
Көпшілік енді мемориалдық тақтаны жаңартуды ұсынып жатыр. Өйткені қазіргі тақта өте ескі, ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған. Сондай-ақ халық батырдың есімін дұрыс жазып, суретін де ауыстыру қажеттігін алға тартып отыр.
Салыстыру үшін Бауыржан Момышұлы тұрған тағы бір үйдегі мемориалдық тақтаны айтуға болады. Ол қазіргі Наурызбай батыр көшесі, 76-үй (бұрынғы Дзержинский көшесі). Батыр бұл үйде 1956 жылдан 1964 жылға дейін, яғни сегіз жыл тұрған. Бұл жердегі мемориалдық тақта әлдеқайда жаңа, сапалы әрі батырдың бейнесі шынайы берілген.
Сондықтан тұрғындар Қонаев-Гоголь қиылысындағы үйге де дәл сондай заманауи әрі көрнекті мемориалдық тақта орнатуды сұрап отыр. Оның үстіне бұл Алматының қақ ортасы. Үйдің дәл қарсысында 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы орналасқан. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш те осы маңда тұр. Бұл көшелермен күн сайын қаншама турист жүреді. Сондықтан мұнда батыр рухына лайық, көрнекті әрі сапалы мемориалдық тақта болуы тиіс деген пікірлер айтылуда.
Осы мәселеге байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі Алматы қаласының Мәдениет басқармасына ресми сауал жолдады. Егер жаңарту жұмыстары жоспарланған болса, оның қашан іске асатыны туралы тағы қосымша жазатын боламыз.