Өткен тәулікте Қазақстанда түрлі жол апаттарынан 11 адам қаза тауып, төртеуі жарақаттанды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ақмола облысының Аршалы ауданында Екатеринбург - Алматы тас жолының 1349-шы шақырымында 27 шілдеде сағат 21.00-де "КамАЗ көлігінен бөлініп қалған тіркеме жолдың қарсы бетіне шығып, "Тойота-Превия" көлігімен соқтығысты.

Апат салдарынан "Тойота-Превия" көлігінің жүргізушісі мен онда отырған сегіз жолаушы, соның ішінде екі бала қаза тапты.

Ал Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында Қызылорда - Павлодар тас жолының 317-ші шақырымында 27 шілдеде сағат 16.30-да "Ниссан" көлігінің жүргізушісі көлліктің тізгініне ие бола алмай, көлігін аударып алды.

Соның салдарынан 43 жастағы жүргізуші оқиға орнында, ал оның 15 жастағы жолаушысы ауруханада жан тапсырды.

Қызылорда облысының Құмкөл ауылында Құмкөл - Қызылорда тас жолының 55-ші шақырымында 27 шілдеде сағат 13.35-те "КамАЗ" көлігінің жүргізушісі жүк көлігімен соқтығысты.

Апат салдарынан 22 жастағы екі жүргізуші мен 23 және 20 жастағы екі жігіт түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.