Өткен тәулікте республика жолдарында түрлі жол апаттарынан төрт адам мерт болып, 12 адам жараланды

Атап айтсақ, Алматы облысы Көксу ауданында Алматы-Өскемен тас жолының 219-шақырымында "Даймлер-Бенц" автокөлігінің жүргізушісі Үштөбе-Алматы бағытында жолаушылар тасымалдайтын, 14 жолаушысы бар "Газельмен" соқтығысып қалды. Соның салдарынан "Даймлер-Бенц" автокөлігінің жүргізушісі мен оның бір жолаушысы оқиға орнында мерт болып, Газельдің жүргізушісі мен 8 жолаушысы, сондай-ақ, жеңіл автокөлікте отырған бір жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында Өскемен-Алматы тас жолының 75-шақырымында Сұлусары және Канайка ауылдарының арасында жолаушылар тасымалдайтын "Мерседес" коммерциялық автобусының жүргізушісі автобусты аударып алды. Көлікте 16 жолаушы болған. Апат салдарынан автобустың қосалқы жүргізушісі оқиға орнында мерт болса, 2 жолаушы жарақаттармен Өскемен ауруханасына жатқызылды. Қалған жолаушылар басқа көліктермен Өскеменге жеткізілді.
Алматының Әуезов ауданында 5 бірдей автокөлік соқтығысып қалды. Апат салдарынан "ВАЗ-2107" автокөлігінің бір жолаушысы оқиға орнында мерт болып, жүргізушісі ауруханаға түсті.