“Өз елімде қазақша сөйлеуге толық құқығым бар”: Алматылық белсенді Мухаряповқа қарсы пикет өткізді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Еске сала кетсек, күні кеше жиындардың бірінде Мухоряпов орысша сұраққа қазақша жауап бергендер азаматтардың бойында «ұлтшылдықтың сәл көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін» айтқан.

«Егер мұндай болса (орысша сұрағандарға қазақша жауап беріп жататын болса) қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Ұлтшылдықтың сәл көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің меймандығымыз бәрін көтеріп кетуі керек», - деген ол көпшіліктің сынының астында қалған болатын.

Камилла әлеуметтік желідегі Chocofamily желісінің негізін қалаушысын сынап, компания өнімдеріне бойкот жариялауға шақырды. Бүгін ол пикетке шықты.

“Қазақстанда орысша сөйлеуге міндетті емеспін #cancelchocolife #Ramilgeboykot", - деген плакат ұстап шықты белсенді.

Бойжеткен Ulysmedia.kz тілшісіне неліктен Мухарияповқа қарсылық танытқанын айтып берді.


«Мен қазақтілді қазақпын. Сол жерге бардым. Өз елімде қазақша сөйлеуге толық құқығым бар. Орысша жауап беретіндерді «мәдениетсіз» деп айтуы оның өзі (Мухапяровтың) мәдениетсіз екенін білдіреді. Интернетте отырып, ашуланғанымды жазғанның орнына мен онымен бетпе-бет кездесіп, өз ұстанымымды түсіндіріп, оның неліктен олай айтқанын одан білуді шештім. Барлық қызметкерлер ол туралы “бұл контексттен жұлынып алынған” деп ақталғысы келеді», - деді ол.

Белсендінің айтуынша, Рамиль Мухоряпов кеңседе болмаған. Компания қызметкерлері олардың бастығы кешірім сұраған видеоны түсіруге кеткенін хабарлаған.

«Басқа директорлар шықты. Бұл олардың «косягы» екенін және Рәмілдің сөзі контекстен жұлынып алынғанын, ол олай айтпағанын түсіндірмек болды. Олардың айтуынша, Рәміл қазір кешірім сұрауға дайындалып жатыр, содан кейін ол журналистердің алдына шықпақ көрінеді», - деп қосты Камилла.