“Өз елімізде жүріп өгей балаға айналдық”: Қыдырәлі Болманов өзінің медаль алмағанын меңзеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

“1991 жыл Халықаралық “Азия Дауысы” Парвиз Назаров Тәжікстаннан, Қыдырәлі Болманов Қазақстан, Юлдуз Усманова Өзбекстан. Көп болды қатысушылар. Ол жолы Нұрым жыраудың термесін орындадым. 1992 жылы мен конкурс қонағы болдым. Медеу қатысты. 1993 жылы Ерлан конкурсант болды. Мен оларға жанашыр болдым. Өнер деген ұғымның орнын шоу-бизнес деген термин ығыстыра бастады. Продюсер, клипмейкер деген терминдер пайда бола бастады. Парвиз, Арт-клуб, Кирилл Ли, дуэт-Л, кілең орысша айтатын танымал жұлдыздар көбейе бастады. Айналама қарасам жастардан қазақша бірде-бір топ жоқ. Не клип түсірілген қазақша ән жоқ! Теле-радио қалпынша орысша! Және қазақша әндер қабылданбайды. Ең сорақысы, қазақша әндерді түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін ғана тыңдай аласыз. Өз елімізде жүріп өгей балаға айналдық, Алла сақтасын! Республика сарайында қазақша концерттер жоқ! Тек ресейліктер”, – деді продюсер. 

Ол осыдан соң қазақы топ құрып, қазақ әнін көкке көтеру керек деп ойлана бастаған. Осы мақсатпен АБК, кейіннен Ұлытау тобын құрды. 

“Осының бәрі ойландырып тастады. Намысыма қатты тиді. Күндердің күнінде Медеу мен Ерланның басын қосып, топ жасаймын деп шешім қабылдадым. Тұңғыш “тамшылар” әніне клип түсірдім. Телеарна, радиоларға тараттым. Қазақша әнмен бүкіл хит-парадтардан АБК-тобы 1-орынға шығып, ”Тамшылар” әні бір Алланың қолдауымен айлап эфирден түспей хит болды да кетті! Күндіз де тыңдалатын қазақша әнге айналды. Яғни қатып қалған “орысша мұзды” жарып, қазақша жол салдым! Одан соң Ұлытау тобы, Қарақатты қолға алдым. Қыдырәлі-Қарақат тұңғыш “үйленген “ғашықтар” дуэтін жасадым. Бүгін сол кезден бірге келе жатқан дос-бауырларымызды көріп, тар-жол, тайғақ кешкен сол жылдар, сол күндеріміз есіме түсіп, кәдімгідей толқығаным рас”, –деді Болманов.

Продюсер Тәуесіздіктің 30 жылдығында сіңірген еңбегінің нәтижесі ретінде марапат алмағанын меңзегендей. Ол “медаль алмаған” әншілерді жұбатқандай болды. 

“Пандемия деген бәледен кейін, бәрінің амандығын тілейді екенсің. Жазатын, айтатын әсерлі әңгіме көп, кітап қылып жазбасаң, кішігірім парақшаға сыймайды. Осының барлығы естеріңізде болар… Амандықтарыңызды тіледік! Қайырлы кеш, Қазақ Елі! Медаль алмағандар, өзіміз отырып шай ішейік!”, –деп жазды әнші.