Өз кәсібін ашқысы келетіндерге жеңілдетілген кредит беріледі – Дүйсенова

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Атырау облысына жұмыс сапары аясында "Теңізшевройл" ЖШС басшылығымен кездесті.

Компанияның бас директоры Кевин Лайон атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған жобалар туралы айтты. Ал вице-премьер өндірістегі еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Өңірде Теңіздегі "Келешек кеңею жобасының" аяқталуына байланысты қызметкерлердің жұмыстан босатылуы мәселесі өзекті.

Облыс әкімдігі берген дерекке сай, былтыр жұмыстан босатылғандардың 96%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Жартысынан астамы жұмыспен қамтылса, өзгелеріне әлеуметтік төлемдер тағайындалып, бір бөлігі оқу курстарынан өтті.

"Жұмыссыз қалған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету – маңызды міндет. Бұл ретте аймақ әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе тиісті шаралар қабылдауы қажет", — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан жұмыссыз азаматтарға қатысты түрлі жобалар қарастырылған.

"Біліктілігін шыңдаймын дегендерге оқу курстары, өз кәсібін ашқысы келетіндерге жеңілдетілген кредит ұсынылады. Азаматтарымызды қолдау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек", — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ кездесуде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Былтыр аймаққа жоба аясында 1,5 млрд теңгеге 192 шағын несие берілді. Биыл өңірге 761 млн теңге қарастырылған, оның аясында 83 азамат жеңілдетілген кредит алады деген жоспар бар.