Ол марқұмның туыстары өзіне бірнеше мәрте хабарлама жолдағанын айтты, деп жазды Caravan.kz. медиа-порталы.
Журналист бұл дерекпен өзінің желідегі парақшасында бөлісті.
«Небәрі 18 жасында Аиданың өмірі кенеттен қиылды. Жау алыстан келмеді, өз жездесі күдікті деп қамауға алынды. 3-ші тамыздан бері шарқ ұрып іздеп жатқан бойжеткеннің зорлықпен азапталған денесі өзі тұрып жатқан үйдің жертөлесінен табылған. 4 күннен бері қалай иіс шықпағаны белгісіз?!
Жездесі қызды бізбен бірге іздеді ғой деп көршілері әлі сене алмай отыр. Күдікті қамауға алынды, бәрін тергеу көрсетер. Аида ауылдағы ата-анама салмақ салмайын, өз киім-кешегімді өзім алайын деп үй жанындағы дәмханада қосымша жұмыс істеген. Сол күні демалысы еді. Маған сіңілісін іздеп жазып жатқан әпкесін аядым. Қандай қиын жағдай… өзі жас баламен ауылға кетіп барып-келгенше аспан айналып жерге түсті. 1-ші күні хабарсыз кетті деді, 2-күні құрбылары шақырды ма екен деп мазасызданды, 3-ші күні алып қашып кетсе ендігі хабаршылар келер еді ғой деп жақсылықтан үміттенді.
Бірақ, басқа-басқа өз күйеуінен еш күдіктенбеген. “Адам аласы ішінде” деген осы шығар, кім білсін. Шымкентке оқимын-тоқимын деп келіп, нағашы әпкесінің үйінде азапталып көз жұмғаны ауыр болды. Жас гүл солды… Аиданың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды.
Алла алдынан жарылқасын», - деп жазды ол.