Өзбек полицейлері қазақстандықтарды электрошокермен ұрған: СІМ нота жолдады

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Өзбекстанға нота жолдады. Оған жергілікті полицейлердің қазақстандық туристерге электрошокер қолданғаны себеп болған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы  Sputnik.kz-ке сілтеме жасап. 

"Қазақстан СІМ мән-жағдайды анықтау үшін хат жолдады. Біз өз азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз. Әлеуметтік желіде таралған видеода Өзбекстанның құқық қорғау органдары қазақстандықтарға электрошокер қолданғаны көрінеді. Өзбекстан қоғамының өзі мұны айыптап отыр. Десе де біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз", - деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Sputnik Қазақстан тілшісіне.


Еске салсақ, 20-нан 21 мамырға қараған түні Самарқанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері қазақстандық туристерді тоқтатып, құжат көрсетуді талап еткен. Артынан жанжал шыққан. Сол кезде полицейлер электрошокер қолданған.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі бұл фактіге қатысты қызметтік тергеу басталғанын, қызметкерлер жұмыстан шеттетілгенін мәлімдеді.