Бас прокурордың айтуынша, бұлтартпас дәлелдер негізінде тергеушілер биылғы көктем мен жазда елде болған жарылыстар топтамасына қатысы бар лаңкестер халықаралық радикалдық-экстремистік топтардың, соның ішінде "Хизб-ут тахрир" ұйымының мүшелері деген байлам жасады.
Р.Кадыровтың хабарлауынша, жуырда болған лаңкестік әрекеттерден кейін бас прокуратура Өзбекстан Қылмыстық кодексінің лаңкестік, екі және одан да көп адамдарды қасақана өлтіргені және жарылғыш қондырғыларды заңсыз иемденіп алғаны үшін жауапкершілік жүктеуді қарастыратын баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі жағдаймен 1,5 мыңдай адамнан оқиға куәгерлері ретінде жауап алынды. Лаңкестердің мәйіттерінің суреттері бойынша мыңдаған адам тану процессіне қатысты.
Сарапшылардың алдын-ала мәліметі бойынша, 30-шілдеде Ташкентте жарықшақ фугас әсерлі қолдан жасалған бір үлгілі жарылғыш заттар жарылған. Олардың әрбіреуінің қуаты тротил эквивалентімен есептегенде 1-1,5 килоны құрады.
Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, қазіргі жағдаймен екі лаңкестің аты-жөні анықталды. Ал үшінші жанкештінің аты-жөнін анықтау қиындық туғызып отыр, оның ДНК-сын сараптау одан әрі жалғасуда.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, биылғы жылдың наурыз және сәуір айларында Ташкентте, Ташкент және Бұхара аудандарында болған жарылыстар топтамасынан 46 адам мерт болған. 30-шілдедегі Ташкенттегі лаңкестік әрекеттер 7 адамның, соның ішінде үш жанкештінің өмірін қиды.