Өзбекстан мен Тәжікстан шегірткеге қарсы күш біріктірді

Тәжікстан ауылшаруашылығы министрлігінің шегірткемен күрес жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Киемиддин Ганиевтің Озоди радиосына хабарлауынша, осы айда Өзбекстан делегациясы шегірткеден қатты зардап шеккен Соғды және Хатлон облыстарын аралады, енді тәжік делегациясы Сұрхандария және Қашқадария облыстары мен Ферғана алқабына барады. «Тараптар зардап көлемін бағалап, шегірткемен күрес әдістерімен танысады», - деді Ганиев.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы визалық жүйе шегірткемен күрес жұмыстарын бірлесіп жүргізуге кедергі келтіріп келген еді, енді бұл мәселе министрлік деңгейінде шешілді.

«Шегіртке шекара дегенді білмейді. Бұл жәндік күніне 100 шақырымға дейін ұшып, бір елден екінші елге еркін көше береді. Қазір Хатлон облысының аудандары шегіртке шабуылынан толық тазартылды. Енді біз Өзбекстанның шекаралас аймақтарын аралап, шегіртке шабуылы осы жақтан қайта басталмайтынына көз жеткізуіміз керек», - деді Ганиев.


Мекеме мәліметі бойынша, тиісті құрылымдар Ауғанстан мен Қырғызстандағы әріптестерімен байланыс орнатқан. Тәжікстанда шегіртке шамамен 90 мың гектар аймаққа таралғаны анықталды, қазіргі таңда соның 60 мың гектарына улы химиялық зат шашылды.