Шағын құрамда өткен кездесуде екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы маусымда Өзбекстанға барған сапарында жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Сондай-ақ сауда-экономикалық, су-энергетикалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басымдығы бар бағыттары қаралды.
Бұған қоса, тараптар өңірлік қауіпсіздіктің негізгі аспектілері мен мейлінше өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи және мәдени тұрғыдан жақын елдер екеніне тоқталып өтті.
- Көрші болғандықтан, біз тәуелсіздік жағдайында қарым-қатынасымызды дұрыс құрдық. Қазақстан Өзбекстанды оның барлық бастамаларына қатысты қолдайды. Біз екі елдің достығын нығайтуға, сауданы ұлғайтуға, өзара қарым-қатынастарды ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері мен өзге де бағыттар бойынша дамытуға ниеттіміз. Біздің елдерімізде қазір осы келіссөздерді жіті бақылап отыр, өйткені бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен даму Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдарына, өзара жұмысына байланысты, - деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан Президенті өз кезегінде бүгінде әлемдегі жағдай қарқынды өзгеріп жатқанына тоқталды.
- Мұндай жағдайда әрбір ел өзіне таяныш іздейді, жоспарларын нақтылайды және таяу көршілеріне арқа сүйейді. Қазақстан - біз үшін ең жақын ел, ауыр сынақтар мен қуанышты күндері ылғи да бізбен бірге болған жақын халық. Біз әрдайым бір-бірімізге көмекке келдік. Өркендеу жолына сенімді қадам басып бара жатқан Қазақ халқына зор құрметімді білдіргім келеді. Бізге «сағатымызды теңестіріп», алдағы перспективаларды анықтау үшін жиі кездесіп отыру қажет, - деді И. Каримов.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық әлеует толық пайдаланылып отырған жоқ.
«Өзбекстан біздің өңіріміздегі жетекші мемлекет ғана емес, сонымен бірге біздің Орталық Азиядағы басты сауда экономикалық серіктесіміз. әлемдік экономикадағы теріс тенденцияларға, негізгі тауарлар құнының құлдырауына қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы өсіп келеді» - деді Мемлекет басшысы.
Елбасының атап өтуінше, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы екі миллиард доллардан асып түскен. Ал ағымдағы жылдың тоғыз айында мемлекеттер арасындағы тауар айналымы оң қарқынмен өскен.
«Меніңше, бұл біздердің кездесуіміздің нәтижесі. Дегенмен, біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық әлеует жеткілікті деңгейде пайдаланылып отырған жоқ деп санаймын. Тауралар номенклатурасы өте тар. Сондықтан да үкіметаралық комиссия, біздердің Үкіметіміз тағы да бір мәрте тауар айналымын арттыра түсу үшін жұмыс істеуі тиіс. Бұл екі елге де тиімді», - деді ҚР Президенті.
Қазақстан Өзбекстанға ЭКСПО-2017 көрмесінде үздік павильон ұсынуға дайын
«Осы мүміншілікті пайдалана отырып, Қазақстанның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу бастамасын қолдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Біз кешен құрылысын салуға кірістік. Лайықты өткізуге қажетті қаржыны бөлудеміз», - деді Елбасы.
ҚР Президенті сонымен қатар осы көрмені өткізуге Өзбекстан тарабының да қатысатындығына әрі өз павильонын ашатындығына сенім артатындығын баса айтты.
«Біз өзіміздің өзбек достарымызға үздік павильон ұсынуға дайынбыз», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өз сөзінде Өзбекстан Президентінің бүгінгі сапары әлемде орын алып отырған қиын кезеңде өтіп жатқандығын да еске салып өтті. «Біздің төңірегіміздегі қақтығыстар, Украинадағы жанжалдар және ислам әлемінде орын алып жатқан жайттар бізді алаңдатады», - деп қосты ҚР Президенті.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімнің маңызы артып келеді.
«Біз Өзбекстанда тарихи қалыптасқан және өмірмен дәлелденген достық көршілік қатынастарды жоғары бағалаймыз. Халықтарымыздың түп-тамыры, тілі мен дәстүрлері, ортақ мүдделері бізді бұрыннан байланыстырып келеді. Бүгіндегі әлемдегі күрделі ахуал мен проблемаларды ескере отырып, тереңде жатқан байланыстарымызды ұмытпай, бізге ортақ құндылықтар дамып, нығаюы үшін барлығын істеуіміз қажет»,-деді И. Каримов.
Сонымен қатар Өзбекстан басшысы Қазақстанмен арадағы стратегиялық келісім туралы айта келе, «әлемде және өңірде қалыптасып отырған жағдай бұл Келісімнің өзектілігін арттыра түсті»,-деді.
Бұдан бөлек И. Каримов Ауғанстан мәселесіне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде АҚШ жоспарлары өзгеруде. Енді бұл елде түйіні шешілмеген мәселелер көп болғандықтан, жоспарланған 10-15 мың әскери контингенттің орнына 90 мыңға жуық адам қалуы мүмкін.
Қазақстан мен Өзбекстан 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды
Атап айтқанда, ҚР Әділет министрі Берік Имашев пен Өзбекстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Рустам Азимов 1997 жылғы 2 маусымдағы екі ел үкіметтері арасындағы өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы кеілісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы бекітті.
Бұдан бөлек, Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мен Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов екі сыртқы саясат ведомстволары арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.