«Haber Turk» түрік газетінің жазуынша, сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Өзбекстанға барған сапарынан кейін, журналистер алдында "Біз Өзбекстан азаматтары үшін визаны алып тастадық. Өзбекстан өз кезегінде біздің азаматтар үшін визаны алып тастайды", - деп мәлімдеді.
Алайда Түркия СІМ басшысы бұл келісім іс жүзінде қашан жүзеге асатыны туралы нақты айтпады.
Түркияның «Anadolu» ресми агенттігінің хабарлауынша, Ердоған мен Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев арасындағы жабық есік жағдайындағы кездесу үш сағатқа созылған. Бұл Түркия басшысының соңғы 16 жылдағы Өзбекстанға бірінші сапары.
Екі ел лидерінің Самарқанда өткен келіссөздерінен кейін жасалған мәлімдемеде Түркия Өзбекстанды Орталық Азиядағы басымдық беретін әріптес ретінде қарайтыны айтылған. Сонымен бірге екі ел қарым-қатынасының қазіргі деңгейі одан да үлкен мүмкіндіктер мен әлеуеттерге сәйкес келмейтіні айтылған.