Өзбекстанда салық амнистиясы басталды

Банк қызметкерлерінің ақпаратына сүйенсек, 1 сәуір күні Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың "Халықтың коммерциялық банктеріндегі салымдарының талабын либерализациялау және кепілмен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар туралы" жарлығы күшіне енді. Жарлыққа сәйкес Өзбекстан азаматтары 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап елдің банктеріндегі депозиттік есепшотқа енгізілетін барлық қаражатты декларациялаудан және оған салық төлеуден босатылады.

Елдің Ұлттық банкінде түсіндіргендей, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен келер жылдың 1 сәуіріне дейін банктер Өзбекстан азаматы болып табылатын жеке тұлғалардан салым көлеміне және ол қаражаттың қайдан шыққанын дәлелдейтін құжаттарды көрсетпестен ұлттық және шетелдік валютадағы ақша қаражатын депозиттік есепшотқа қабылдауға міндетті. "Қаражат қолма-қол ақша түрінде немесе шетел банктеріндегі дербес шоттан аударылуына болады", - деп хабарлады банкте.

Республиканың салық және құқық қорғау органдарына салымшы жеке тұлғалардан және оларға қызмет көрсеткен банктерден ақша қаражатының шығу тегінің заңдылығы туралы әртүрлі құжаттар мен анықтамаларды және банктік құпия болып есептелетін өзге де мәліметтерді сұрауға тыйым салынады. Заңсыз жариялауға немесе үшінші тұлғаларға банктік құпия болып есептелетін мәліметтерді ұсынуға кінәлі лауазымды тұлғалар жарлыққа сәйкес заңмен бекітілген тәртіппен қылмыстық жауапкершілікке дейінгі жауапқа тартылады.

Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен 2009 жылдың 1 сәуіріне дейін жеке тұлғалардың банктерге енгізген ақша қаражаттары салық органдарының тексерулеріне жатпайды. Олар салықтың және өзге де міндетті төлемдердің барлық түрлерінен босатылған.