"Айыпкерлердің лаңкестік әрекеттері, Өзбекстандағы конституциялық құрылымды өзгертуге жасаған талпыныстары, кісі өлтіру және адам барымталау, заңсыз діни ұйымдардың іс-қызметіне қатысу, жаппай тәртіпсіздіктерге мұрындық болу деректері толық дәлелденді",- деді сот процессіне төрағалық жасаған Өзбекстан Жоғарғы соты төрағасының орынбасары Бахтияр Джалалов.
Оның айтуынша, "айыпкерлер қарулану үшін милиция бөлімшесіне, әскери бөлім мен абақтыға шабуыл жасап, қамаудағы 500 қылмыскерді босатып жіберді. Олар лаңкестік әрекеттері үшін сотталған "Акрамия" экстремистік ұйымының жетекшісі Икрам Юлдашевтің бұйрығымен алдымен Әндіжандағы билікті басып алып, Ферғана аңғарындағы және жалпы Өзбекстан аумағындағы тұрақтылықты шайқалтуға тиіс болған. Сот процесі кезінде Әндіжанда қарулы қақтығысқа қатысқан қылмыскерлер өздерінің басты мақсаттары Өзбекстандағы конституциялық құрылысты өзгерту, республикада ислам мемлекеті-халифат құру екендігін мойындады".
Қазір сотта осы оқиғаға қатысты тағы 106 қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 15-мамырдағы қантөгісте 187 адам қаза болған.
Олардың 60-ы қарапайым азаматтар, 31-і құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері мен әскерилер. Сонымен бірге 94 лаңкестің көзі жойылған.