Осылайша өздерін психолог немесе коуч санайтын жалған мамандардың дәуірі аяқталады. Себебі мемлекет психологтардың бірыңғай реестрін енгізуді жоспарлап отыр. Сонда не өзгереді? Аталмыш құжат нені көздейді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі саралап көрді.
Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын қарастырды. Аталған құжат саланы заңнамалық тұрғыда реттеуді көздейді. Vlast басылымының жазуынша, депутат Асхат Аймағамбетов заң жобасын психологиялық көмектің шекарасын айқындайтынын, барлық психологтар тіркелетін арнайы реестр құруды қарастыратнын атап өтті.
Құжатта психологтарға «адам құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, кәсіби қызметті білікті түрде жүзеге асыру», «кәсіби қызметтің этикалық қағидаларын сақтау», «психологиялық қызмет көрсетуді бастамас бұрын қызмет алушының ақпараттандырылған келісімін тіркеу және қамтамасыз ету, сондай-ақ қызмет көрсету туралы шарт жасасу» міндеттелетіні көрсетілген, деп жазады Ayel басылымы.
«Барлық психологтар жеке реестрге тіркеледі. Бұл заңсыз түрде осы қызметпен айналысып жүрген адамдардың әрекетін болдырмауға мүмкіндік береді», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ психологтардың кәсіби стандартының сақталуы көзделген. Бұл стандартты еңбек саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салалық орталық мемлекеттік органдармен келісу арқылы бекітеді.
Психологиялық көмекті тек жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе медициналық білімі бар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 900 сағат қайта даярлаудан өткен, біліктілігін растаған және мемлекеттік психологтар реестріне енгізілген мамандар ғана көрсете алады.
Бұдан бөлек, психологтар өз біліктілігін кемінде бес жылда бір рет арттыруға міндетті болады.
Парламентте психологтар нарығына тәртіп орнату мәселесі өткен жылы көтерілген болатын.
«Психологиялық көмек саласында заңнамалық және кәсіби бақылаудың болмауы профильдік білімі мен біліктілігі жоқ адамдардың өзін психолог немесе коуч деп атап, нарықта еркін жұмыс істеуіне әкеліп отыр», - деді Сенатор Амангелді Есбай.
Есбайдың пікірінше, азаматтар мұндай “мамандардың” жеке және отбасылық өмірге араласуы, құпиялылықты бұзуы және консультациялардан кейін эмоционалдық жағдайдың нашарлауы туралы жиі шағымдануда.
Депутаттың сөзінше, олардың кейбірі діни нормаларды өз қалауынша түсіндіріп, жалған түсініктер қалыптастырып, ерлі-зайыптылар арасында келіспеушілік туындатады.
«Көп жағдайда балаларды тәрбиелеу жөнінде күмәнді кеңестер беріледі, ал эмоционалдық зорлық-зомбылық элементтері ұсыныс түрінде ұсынылады. Мұндай кеңестердің салдарынан ата-ана мен бала арасындағы сенім жоғалады, психологиялық жарақаттар мен отбасылық байланыстардың үзілуі жиілейді», - дейді депутат.
Сонымен қатар “бизнес бастаймыз”, “қаржылық еркіндікке жетесің”, “сананы бағдарламалау арқылы миллионер боласың” деген ұрандармен жалған коучтар адамдарды несие алуға итермелейді.
«Нәтижесінде көптеген адам қаржылық дағдарысқа ұшырап, қарызға батады, бұл олардың жеке және отбасылық өміріне кері әсер етеді», – деп inbusiness.kz сайты Амангелді Есбайдың сөзін келтіреді.
Айта кетейік, Қазақстандағы коучтардың нақты саны туралы дерек жоқ. The-steppe.com сайтының 2020 жылы жасаған болжамына сәйкес, ресми түрде шамамен 1000 адам бар, оның ішінде 700 коуч және 300 бизнес-тренер.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков қазақстандықтардан коучтарға қатысты шағымдардың көп түспейтінін мәлімдеген болатын.
«Жалпы 2024 жылы біз білім беру мәселелері бойынша 62 мың жалпы шағымның ішінде шамамен 2 мың өтініш алдық, бұл шамамен 3,5%. Көп жағдайда тұтынушылар курстардың сапасының төмендігіне, оқытушылардың әлсіз дайындығына, сондай-ақ адам оқуды тоқтатқысы келген жағдайда қаражатты қайтарудан бас тартуға шағымданады», – деді ол.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2019 жылы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, 18 жастан асқан әрбір үшінші қазақстандық психологтың көмегіне жүгінуге дайын екенін айтқан.
Әрбір бесінші адам қажеттілік туған сәтте бірден жүгінетінін мәлімдесе, шамамен әрбір оныншы адам қоғам тарапынан түсінбеушілік пен айыптаудан қорқып, көмек сұрауға батылдық танытпаған.
Респонденттердің тек 5%-ы ғана психологқа жүгіну тәжірибесі болғанын айтса, ал жартысына жуығы мәселелерін өз бетімен шеше аламын деп есептеген.
Сол жылы жүргізілген тағы бір зерттеуге сәйкес, Қазақстанда жастардың психологиялық көмек туралы хабардарлық деңгейі төмен болып қалып отыр.
Сауалнамаға қатысқандардың тек 35%-ы өз оқу орындарында психологиялық қызметтердің бар екенін білген, ал небәрі 15%-ы ғана көмекке жүгінген.
Көмекке жүгінуден бас тартудың негізгі себептері ретінде стигматизация (45%), мамандарға деген сенімсіздік (30%) және көмек алу мүмкіндіктері туралы ақпараттың болмауы (25%) аталған.
Айта кетейік, 2025 жылы Ұлттық кітап күні қарсаңында жүргізілген ауқымды сауалнама қазақстандықтардың психология және өзін-өзі дамыту тақырыбындағы кітаптарды жақсы көретінін көрсетті, оларды респонденттердің 15,4%-ы таңдаған.
Қазақстанда өзін-өзі коуч деп жариялаған адамдардың мәлімдемелеріне қатысты дау-дамайлар мезгіл-мезгіл болып тұрады.
Мәселен, 2024 жылы өзін отбасылық коуч ретінде таныстыратын блогер Жанәділ Райымбеков Instagram парақшасында жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды тек әйелдер таратады деп мәлімдеген видеодан үзінді жариялаған. Бұл бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Ал 2026 жылдың қаңтар айының басында өзін «коуч» деп атайтын Бақытбек Сабырбайдың парақшасында әйел адаммен диалог жүргізіп, орынсыз әрі қорлайтын ескертулер айтқан бейнежазба жарияланды. Ролик тез арада вирустық сипат алып, әлеуметтік желілерде сынға ұшырады. Кейін коуч әйелден кешіріп сұрап, шетелге жолдама сыйлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылғы есебіне сәйкес, әлемде 1 миллиардтан астам адам, яғни әрбір жетінші адам психикалық бұзылыстардан зардап шегеді.
ДДҰ дерегінше, психикалық бұзылыстардың ең кең таралған түрлері — мазасыздық пен депрессиялық бұзылыстар. Олар барлық жағдайлардың үштен екісінен астамын құрайды және барлық елдерде, барлық қауымдастықтарда, барлық жас санаттары мен табыс деңгейіндегі адамдарға тән.