Өздеріне тиесілі жер учаскелері мен техниканы қайтаруды талап етіп аштық жариялаған Қарағандылық алты механизатордың наразылық шарасы бес күнге жалғасты

Егіс науқаны басталар қарсаңда жер емген шаруалар өздеріне тиесілі жері мен техникасын қайтара алмай қалды. Аудандық өкімет жер және мүлік пайының кімнің қарамағында екендігіне қатысты заңгерлік мәселені бірнеше ай бойы шеше алмай сөзбұйдаға салып келеді. Аштық жариялаушылардың пікірінше, мәселенің шешімі шығарылмай "қасақана ұзаққа созылып" отыр әрі ол "ірі өнім өндіруші болып табылатын "Агросоюз" ЖШС мен "Қарағанды-Нан" АҚ-ның мүддесіне лобби жасауға байланысты". Қазір аудан басшылығы шаруаларға жерге байланысты құжаттарды бергенімен, мүлік пайы ретінде берілген 30 техника "Агросоюздың" иелігінде қалып отыр. Ал шаруалардың айтуынша, олар техникасыз тұқым себу науқанына кірісе алмайды.

Наразылық шарасына қатысушылар "Крещеновка плюс" ЖШС-не біріккен 30 пайшының мүддесін қорғамақшы. Соңғы екі күн ішінде ауданның билік өкілдері аштық жариялаушыларға хабарласып, наразылық шарасын доғару, келісім комиссиясын құру туралы ұсыныстар жасады. Алайда, аштық жариялаушылар бұл шартпен келіспей отыр.
Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жарқынбай Сарымсақовтың айтуынша, наразылық шарасына қатысушылардың денсаулық ахуалын фельдшер қадағалауда. Кеше дәрігерлер аштық жариялаушылардың денсаулығын жан-жақты тексеріп шықты. "Шараға қатысушылардың жалпы денсаулық ахуалы әзірге қанағаттанарлық",- деді Ж.Сарымсақов. Оның айтуынша, "адамдардың қанына жасалған зерттеулер оның құрамында билирубин мөлшерінің жоғарылығы мен гипогликемияны көрсетіп берді. Бұл ашыққан ағза үшін қалыпты белгі". Шараға қатысушы бір адамның кардиограммасында өзгерістер байқалса, тағы бір адамның қан қысымы жоғары болып шыққан". Оларға дәрігерлік көмек көрсетілді.
Шаруалар өздері қойған барлық талап толыққанды орындалмайынша аштықты доғармайтынын тағы да қайталады. Олар жер мен техникаға қатысты ғана емес, сондай-ақ, жеке бизнестің "мүддесіне лобби жасап жүрген" шенеуніктерге жауапкершілік жүктеу жайында да талап қоюда. Бұған дейін олар "Талабымыз 7 күн ішінде орындалмаған жағдайда екі жұмысшы өзін-өзі өртеуге дейін барады",- деп мәлімдеген болатын.