Өзен - Қызылкая - Берекет - Этрек- Горган жаңа теміржол желісінің құрылысы туралы келісімге қол қойылды

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, "теміржол желісі "Солтүстік - Оңтүстік" транзиттік коридорының маңызды бөліктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанның транзиттік мүмкіншілігін арттырады және республиканы Иранмен және Парсы шығанағының елдерімен байланысу мүмкіндігін береді".

"Жаңа теміржол құрылысы мұнай өнімдерін Каспий бассейнінен Таяу Шығыс елдеріне тасымалдау бағытын оңтайландыруға, қазіргі тасымалдау бағытымен салыстырғанда тасымалдау қашықтығын 600 шақырымға, жолдағы уақытты шамамен екі тәулікке азайтуға мүмкіндік береді", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Жаңа желінің ұзындығы 670 шақырымды құрайды, оның ішінде Қазақстан жерінен 130 шақырымы, Түркіменстаннан - 470, ал Ираннан - 70 шақырымы өтеді.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, құрылыстың болжалды құны 620 млн АҚШ долларын құрап отыр. Оның 150 млн долларын Қазақстан, 470 млн долларын Түркіменстан, ал 56 млн долларын Иран елдері көтермекші.

Пайдаланудың алғашқы жылында тасымалдау көлемі шамамен 5,5 млн тоннаны құрайды деп күтілуде.

Өзен - Берекет жаңа теміржол желісінің құрылысы жобасын жүзеге асыруда ынтымақтасу туралы Қазақстан мен Түркіменстанның көлік министрліктері арасындағы меморандумға 12-қыркүйек күні Н. Назарбаевтың Түркіменстанға сапары кезінде қол қойылған болатын.

Тегеран қаласында 2007 жылдың 16-қазанында Каспий жағалауы елдері басшыларының саммиті кезінде Қазақстан, Түркіменстан және Иран президенттері жаңа Өзен - Қызылқая - Берекет - Этрек- Горган теміржол желісінің құрылысы жобасын жүзеге асыруда ынтымақтасу туралы бірлескен декларацияға қол қойған болатын.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті