«Кеңес заманында бар халықтың көретіні бірдей, бірнеше ғана телеарна болса, қазір құдайға шүкір, пультіңізді қолға алып ауыстыра берсеңіз тоқтау жоқ. Спутниктік, шетелдік арналардан өзге отандықтықтардың өзінің қарасы молайды. Соңғы уақытта телеарналар көрермен сұранысын өтеуге бет бұрғандай мәдениет, білім, спорт пен балаларға арналған арналарын да ашып, оларда 100 пайыз өздері дайындамағанмен басқалардың жақсы деген бағдарламаларын аударып беретін үрдіс қалыптасып қалды. Осылайша телеарналар көпшілік көңілінен шығуға ұмтылыс танытуда», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Өзгенің қаңсығы бізге таңсық па?» деген тақырыптағы мақаласында. Алайда, басылым отандық көркем фильмдер, сериалдарға келсек, жағдай мәз емес екендігін ашық жазады. «Көрерменін алдына байлаған «жәшіктен» не көріп жүрміз? Әр арнадан 4-5-тен берілетін қаптаған түрік, корей, қытай сериалдарының көркемдік дәрежелері, тарататын идеялары, беретін үлгілері қандай деген сауалдарға жауап іздесеңіз, тығырыққа тірелесіз. Әйтеуір, көңіл жұбатарлығы, осы өртеңге шыққан шөптей қаулаған сериалдарды қазақшаға тәржімалағанда ең болмаса дубляж саласындағы мамандардың қатары өсер деген ой келетіні дәтке қуат. Әйтпесе, арналар қыруар қаражат шығарып, осы сериалдарды сатып алып жатқанда не ойлады екен, отандық телеарналар қанша жекенің меншігі болса да, көпшілікке рухани азық болатын дүниелерді экраннан халыққа ұсынарда мемлекеттік, елдік тұрғыдан неге келмеске деп налисың. Әлде мұнымен министрліктің айналысқаны жөн бе екен, немесе барлық арналарға жіберілетін сериалдарды сараптан өткізетін көркемдік кеңес қажет пе екен деген сан түрлі ой мазалайды»,- дейді мақала авторы.
***
«Әңгіме тағы да проблемалық несиелер портфелі жайында. Бұл тақырып әлі ұзақ қаузалатын түрі бар. 2008 жылғы дағдарыстан бері бірнеше жыл өткеніне қарамастан, оның деңгейі өсе түсіп, бүгінде жалпы несие портфелінің 36 пайызын құрап тұр», - деп жазады «Айқын» газеті. Ресей банктері де 2008 жылғы дағдарысты басынан өткерді. Бірақ оларда дағдарыстың күйіп тұрған кезінің өзінде проблемалық несие бар болғаны 10 пайызды құраған екен. Осы 10 пайыздың өзі олар үшін мойынға байланған зілқара тас секілді болса керек, одан құтылғанша жарғақ құлағы жастыққа тимеген. Ресей сарапшыларының пікіріне сүйенсек, дағдарыстан кейінгі алғашқы екі жылда Ресей банктері проблемалық несиелермен күрес жүргізіп, олардың көзін жойғанша жаңа бизнеске аяқ баспаған. Осы екі жылда барлық банк проблемалық несие мәселесін шешіп, жаңа несиелерді беруге құлшына кірісіп, жаңа өсім басталыпты. Біздің жағдайымыз керісінше. Проблемалық несиелер азаюдың орнына, күн сайын деңгейі ұлғайып барады. «Оның себебі біздің банктер 2000 жылдан 2008-ге дейін оңды-солды несие беруді үздіксіз жүзеге асырып келді. Яғни бүгінгі 35 пайыз проблемалық несиелердің іргетасын сол 2000 жылдары қалап қойған. Онда да экономиканың нақты секторын емес, сауда мен жылжымайтын мүлік нарығын қаржыландырды. Оның үстіне банктер несие алғандардың болашақта табатын табыс ағынының қандай болатынын зерттеп-талдамай, олардың кепілдікке қойған заттарының бағасына қызықты», - дейді сарапшы Ілияс Исаев. Мақала «Несиеге немқұрайлы қарауға болмайды» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, қазақ балаларына арналған алғашқы фильм «Менің атым - Қожаның» түсірілгеніне 50 жыл болды. Осынау айтулы шара қараша айының алғашқы күні Алматы қаласында тойланады. «Бір қызығы, өз фильмінiң Канда жүлде алғанын сол сәтте режиссердiң өзi бiлмеген екен. Канның жүлдесін алуға Францияға Абдолла емес, Қазақфильмнің өзге басшылары барған. Қайран қазақы орта аймаңдай ұлдарына Франция сапарын да қимапты. Біз бұл жайлы балалар жазушысы Сейфолла Оспаннан естідік. Қос оғланымызға деген қазақ қоғамының қысастығы мұнымен шектеліп қалмапты. Бердібек пен Абдолланың қасында жүрген, солардың сарқытын ішкен ақын ағамыздың айтуынша, Канда үндінің белгілі режиссері Радж Капур киноны көріп, Бердібек пен Абдоллаға қатты ықыласы түсіпті. Тіпті Абдолламен бірге жұмыс істеуге ықылас танытып, режиссерге Мәскеудегі Үндістанның елшілігі арқылы шақырту жіберген. Бірақ біздің жақта кейбір адамдар сол кезде жер басып жүрген Қарсақбаевтың әлдеқашан «о дүниелік» болып кеткенін айтып, сыпайы түрде қарсылық білдірген. Бірақ өтіріктің құйрығының бір-ақ тұтам екені ат айналмай жатып белгілі болып қалыпты. Себебі сол бір жылдары Ташкент қаласында өткен кезекті өнер фестивалдерінің бірінде Радж Капур мен Абдолла Қарсақбаев аяқ астынан кездесіп қалған. «Өлді» деуге қимай жүрген әріптесінің жер басып, тірілердің қатарында жүргеніне аң-таң болған үнділік режиссер «Жерден шықтың ба, көктен түстің бе, сен туралы «өліп қалған» деген жаманатты хабар Үндістанға жетті ғой » деген екен», - деп жазады басылым.