2025 жыл Қазақстан үшін маңызды саяси шешімдерге толы болды. Елде жаңа реформалар туралы көп айтылды. Баға өсімі мен қымбатшылық қоғамның алаңдаушылығын тудырды. Бұл ретте билік әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жолдарын іздеді. Қабылданған шешімдер халық пен елге қалай әсер етті? Caravan.kz медиа порталы өтіп бара жатқан жылдың негізгі жаңалықтары мен шешімдерін саралап көрді.
Парламенттік реформа - жылдың басты саяси межесі
Саясаттанушы Айбек Күмісбеков тікелей эфирде берген сұқбатында жылдың басты саяси оқиғасына тоқталды.
«Президенттің қыркүйек айындағы Жолдауында жарияланған парламенттік реформа бастамасы - жылдың басты саяси оқиғасы. Парламенттік реформаның әсері бірден байқалмайды. Біз оның нәтижесін бірнеше жылдан кейін ғана көре аламыз», - дейді Айбек Күмісбеков.
Реформа бір палаталы парламентке көшуді, бірмандатты округтерден бас тарту және саяси партиялардың ықпалын күшейтуді көздейді. Сарапшының пікірінше, бұл өзгерістер партияішілік бәсекені күшейтіп, саяси жүйеге жаңа сападағы кадрлардың келуіне жол ашады.
«Партиялардың ішінде бәсекелестік қалыптасады. Сол ортада шыңдалған, халықпен сөйлесе алатын, кәсіби саясаткерлер пайда болады», - деп атап өтті ол.
Нақты бағыт беретін құжат - ішкі саясат доктринасы
Жылдың тағы бір маңызды шешімі - Президенттің Жарлығымен Ішкі саясат доктринасының бекітілуі. Бұл құжат «еститін мемлекет», «Әділетті Қазақстан», заң мен тәртіп қағидаттарын бір жүйеге келтірді.
«Бұл мемлекеттік органдар үшін нақты бағдар. Енді әркім өз бетінше түсіндірме бермей, бекітілген құжатқа сүйенуі керек», - дейді саясаттанушы.
Айбек Күмісбековтің пікірінше, құжат формализмнен арылып, халықпен жұмыс істеудің ортақ ережесін қалыптастыруы тиіс.
Салық кодексі мен экономика: пікірталас әлі аяқталған жоқ
Жаңа Салық кодексі жыл бойы ең қызу талқыланған тақырыптардың бірі болды. Әсіресе кәсіпкерлердің сұрақтары көп.
«Салық тақырыбы күн тәртібінен түскен жоқ. Пікірталас әлі де аяқталған жоқ, келесі жылы да жалғасады», - дейді сарапшы.
Саясаттанушының айтуынша, Президент бұл жерде стратег ретінде әрекет етіп, қараша айында экономиканы қолдау және бизнеске түсетін жүктемені қайта қарау қажеттігін нақты айтты. Алайда Үкіметтің жұмысына қатысты сұрақтар көп.
«Жыл бойы қабылданған шешімдер кейде жүйесіз көрінді. Жалпы алғанда, Үкімет тарапынан тұтас, бірізді саясатты байқай алмадым», - дейді ол.
Бағаны ұстап тұру: биліктің жауапкершілігі
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі қоғамда ерекше алаңдаушылық тудырды. Мемлекет нарықтық тетіктерге араласып, бірқатар реттеуші шараларды іске қосты.
«Біз әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан бағаның өсуіне мүлде реакциясыз қалу дұрыс болмас еді», - деп есептейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бұл мәселе тек әлеуметтік осал топтарға ғана емес, орта тапқа да тікелей әсер етіп отыр.
«Бағаның өсуі адамдардың тұрмысына тікелей соққы болып тиеді. Мұндай жағдайда мемлекеттің араласуы орынды», - дейді ол.
Аймақтар және ашық диалог
Айбек Күмісбеков жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде ауыл әкімдерінің Президентпен кездесуін атап өтеді.
«Менің тәжірибемде ауыл әкімдерінің Президентпен осылай ашық форматта кездесуі алға рет болды», - дейді ол.
Ауыл әкімдері азаматтардың дерекқорларына қол жеткізе алмауы өзекті мәселе еді. Сол сұрақ дәл сол жерде шешілді.
«Қарапайым ауыл әкімі өз мәселесін тікелей жеткізіп, бірден нақты тапсырма берілді. Бұл - еститін мемлекеттің нақты көрінісі», - деп атап өтті саясаттанушы.
Қоғам билік шешімдерін қалай қабылдады
Сарапшының айтуынша, қоғам қабылданған шешімдерді негізінен оң қабылдады.
«Біздің қоғам саналы. Адамдар үшін маңыздысы мәселені айту ғана емес, нақты шешім көру», - дейді маман.
Оның айтуынша, биліктің жедел реакциясы азаматтардың сенімін арттырады.
Алдағы жылға қандай үміт бар
Алдағы жылы парламенттік реформаны талқылау жалғасады. Жаңа Салық кодексінің бизнеске нақты әсері байқалады. Сонымен қатар халықаралық келісімдердің нақты нәтижесі көріне бастайды.
«Өтіп бара жатқан жыл өте қызықты әрі маңызды болды. Ал келесі жыл одан да мазмұнды болады деп ойлаймын», - деп түйіндеді саясаттанушы.
Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін шешімдер мен өзгерістерге толы кезең болды. Кейбір өзгерістер қоғамның қызу талқысына түсті. Десе де биліктің қоғаммен диалог орнатуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ұмтылысын жоққа шығаруға болмайды. Алдағы жыл осы реформалардың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді.