«Өзі үшін» некесіз бала туып алатындар көбейіп жатыр

Некесіз бала... «Өзім үшін» туып алу… Бұған етіміз үйреніп те келе жатқан сияқты. Оң жақта ұзақ отырып қалған қыздардың тұрмысқа шығуы да кешеуілдеп, балалы болу уақытын да өткізіп алмауы үшін кейде «көзсіз ерлікке» барып, некесіз бала табуға тәуекел етіп жатады.

Мұны біздің тәрбиеміз де құптамайтынын көпшілігіміз білсек те, кейде бұл істі қолдап жататындар да бар. Осы тақырыбыма арқау болған бір оқиға бар еді, мүмкін сізге де осы секілді оқиғалар жақсы таныс шығар.

Жақсы сыйласып, сәлеміміз түзу болған туысқан әпкемнің құрбысы бар еді. Мен әпкемнің үйіне қонаққа барып жүргенде осы құрбысын жиі көретінмін. Көзтаныс болған соң, оның үстіне әпкемнің жақын құрбысы болып, араласып жүрген соң, біздің де әңгімеміз жарасымын тауып кетті. Оның өмірінен білетінім, тұрмысқа шықпаған, оқу, жұмыс деп жүріп уақытын өткізіп алған екен.

Бірақ, әңгіме барысында ұққаным ол үнемі «балам, балам» деп айтып отыратынын естіп, «тұрмысқа шықпаған соң, тым болмаса бала асырап алайын деп шешкенсіз ғой? Балаңыздың жасы қаншада?» деп сұрадым. Ол әпкеме бір, маған бір қарады да әңгімесін жалғап кетті. Өзі сөзшең келіншек өмірбаянын алдыма жайып салды. Маған сенген шығар, әлде құрбысы сіңлісіне бәрібір айтады ғой деп ойлады ма екен, маған бүкпесіз сырын айтып берді.

«Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, арман қуып Алматыға келдім. Сол кезде Алматы еліміздің астанасы еді ғой. Қолы жеткен, бағы жанған адам ғана осы қалада оқуға түсіп, студенттік өмірді бастан кешетін. Көп жастарға Алматы-арман қала болды. Мен өзім аядай ғана ауылда білім алып, топырағына аунап өскен қыз болғандықтан, алғаш рет қалаға барғанымда қатты қиналдым. Бірақ, мұндағы кереметтерді көріп, біртіндеп үйренісе де бастадым. Өз ортам, достарым пайда болды. Мен қала өміріне әбден үйренісіп, болашағымды осы қалада елестете бастадым. Ол үшін әрине, жақсы оқу керек, білікті маман болып шығу керек. Мен де алдыма сондай мақсат қойдым. Әке-шешемнің үміт артып отырған қызы болғандықтан, мен олардың сенімін ақтағым келді. Студенттік жылдарым да қызыққа толып жастық шақтың бір естелігі болып өте шықты. Қызыл дипломмен оқуымды да тәмамдадым. Жақсы маман қай жерде болса да сұранысқа ие ғой. Менің бар ойым алған білімімді пайдаға асырап, жақсы маман атанғым келді. Яғнги, карьера мен үшін басты орында еді. Ата-анам менің бұл жетістігіме қуанып, жүрген жерлерінде кеудесін көтеріп, мақтанып жүрсе де менің уақытылы тұрмысқа шыққанымды қалады. Ауылға барған сайын анам құлақ құрышымды қандырып лекцияларын оқитын. Әрине, анамды да түсінемін, кез-келген ана қызы бойжеткен соң, уақытымен тұрмыс құрып, сәби сүйгенін, бір ошақтың түтінін түзу ұшырып отырғанын қалайды. Қыз баланың өмірге келгендегі басты ұстанымы осы болуы керек деп үнемі айтып отыратын анамынң сөзін де жерге тастағым келген жоқ. Бір жағына, өзімнің де жақсы жар боларлықтай жігіт кездесе қалса етегінен ұстауға да дайын едім. Бірақ, қас қылғандай ондай жігіттер жолыға қоймады. Оның үстіне, мен тұрмыс құру ешқайда қашпайды, бір күні менің алдымнан сезімін білдіріп, өзі-ақ топ ете түсетін жігіттің боларына сенімді болдым. Өйткені, сымбатым мен көркім ешбір қыздан кем емес. Тамсанып, таңғалып қарайтын адамдар айналамда да көп болды. Бірақ, олардың ешқайсысына мойын бұрмай жүргенімде уақыт деген бір орында тұрған ба, зымырап өте берді.

Жасым қырыққа таяғанда шындап ойлана бастадым. Жанымдағы тұрмысқа шығып, бала сүйіп отырған қызметтес құрбыларым да өз ақылдарын айта бастады. Олардың да сөздері әсер еткен шығар, мен өзім үшін бала тууға шешім қабылдадым. Әрине, шешім қабылдау мен үшін оңай болған жоқ.

«Баласы бар, адал некеден бала туған келіншектер менің жайымды қайдан түсінсін? Олардың басында болмаған соң, менің орнымда болмаған соң түсінбейді деп ренжідім.


Бір жағынан, қартайғанда жалғыз қалмай, жанымда балам болса несі айып?» деген оймен бір тоқтамға келдім. Баламның әкесін қалай таңдағанымды айту міндетті емес шығар, бірақ, мен қазір баламның әкесінің қайда екенін білмеймін. Оның өміріне кедергі жасамаймын, маған бала табуға көмектессе болды деп келіскенбіз екеуміз.

Менің жағдайым осындай. Жанымда баламның бары көңіліме медет болса да әкесіз бала өсірудің қиындығын көп көрдім. Бірақ, қазір барлығы артта қалды, балам да өсіп қалды. Қолғанатым болуға да жарап тұр. Бірақ, кеудемдегі бір қорқынышты жеңе алмай келемін. Балам ертең «менің әкем қайда? Мені неге некесіз өмірге әкелдің? Тек өзіңді ғана ойладың ба сонда?» десе мен не деймін? Осы сұрақ қана мазалайды», - деп ойланып қалды.

Мен де оны не деп жұбатарымды білмедім. Мүмкін, шынында да оның орнында болмаған соң түсінбейтін де шығармын. Бірақ санама жат қылықты қабылдау қиынға соқты.

Мұндайға етіміз үйренген сайын ертеңгі күні некесіз бала туып алуды «өзім үшінге» жатыстыра салатын қаракөздер көбейетіні анық.Қоғамда белең алып келе жатқан осындай жағымсыз құбылысқа тосқауыл болу үшін отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Иісі қазақ, діні мұсылман қыз бойжеткен соң оны тұрмысқа беруге асығуды парыз тұтқаны белгілі. Мүмкін қазақылығымыздан ажырап, дәстүрімізді ұмыта бастағандығымыздың әсерінен қалыпты құбылыс болып кетті ме?

Көршілес өзбек халқында «қыз мұраты - кету» екендігін боқша (қыз жасауын ертеден әзірлеу) жинаумен-ақ ұқтыратын тамаша салт бар. «Жеті жастан жинасаң жетеді, алты жастан жинасаң асады» дейді екен өзбек ағайындар. Осылайша-ақ олар қыздарына бала күнінен балиғатқа толысымен бір үйдің түтінін түтетуге, отанасы атанып, бір азаматтың аяулы жары болуға психологиялық тұрғыда дайындайтын көрінеді.

Қыз жасауын жинайтын салт бізде де бар. Бірақ бүгінде соны ұстанып жүрміз бе? Қазіргі қазақ отбасылары қыз баланың басты мұраты – жар атанып, аяулы ана болу екендігін тәрбие талқысына сала ма? Ондай болса, «өзім үшін» деп туып алатындар қайдан шығып жатыр?

Әрине, тағдыр, бұйрық дегеннен асып кете алмаймыз. Десек те, қыздарымызға тәрбие беруде оның болашақ жар, келешек ана екендігін білдіре жүруді ұматпағанымыз жөн шығар.

                                                                                                                                               Ақпарат көзі:  ERNUR.KZ.

 

Оқи отырыңыз:

Тоймен аяқталған сот: Шымкентте 15 жасар қызды жүкті еткен бозбаланың соты болды

Астананың туған күнін Еуропа да тойлай бастады