«Өзімде жейтін нан, кеудемде сүтім жоқ»: Егіз сәбиін сатпақ болған жалғызбасты ана аянышты күйін айтып, елді жылатты


Ал егіздердің әкесі сол күйі ізім-ғайып жоқ болған, деп жазады Caravan.kz медиа порталы.

Көпшілікті дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты тың деректі журналист Гүлмира Әбіқай бөлісті.

«Егіздерді сатып жатқан әйелді еш кінәлай алмадым. “Өзімде жейтін нан жоқ, аш болған соң кеудемде оларға беретін сүт жоқ” деді. Бала сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бір тағдыр сынды, детдомға қос жетім қосылды. Егіз баланың әкесі еш жауапкершілік арқаламады, оны іздеген ешкім болмады.

Неге бізде бала тағдырына тек ана кінәлі? Егіз нәрестенің қаны арқылы әкесін тауып, баладан безгені үшін, бар жауапкершілікті әйелдің мойнына артқаны үшін, қиындықта қол созбай жалтарғаны үшін, 3 адамның өмірін тас-талқан еткені үшін заң алдында жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын!

Бізде бала асырап алу да тым қиындап кеткен. Заңды асырап алушылар некен-саяқ, тек қамқоршы болады не патронат. Заңға сай 2 айда бала асырап алуға болады. Ал, өмірде бұл процесс 2 жылға созылады. Бір перзентке зар болған жандардың арманын жеңілдету орнына қиындатуға мың себеп табылады, неге?

Дәл осы егіздерді сатпас бұрын әйел асырауға беруге талпынды. Алайда, танитын-білетін жанның баласын өздігінен алсаң қылмыскерсің. Алдымен бала мәртебесі анықталып, детдомнан әкетуің керек. Бұл процесс біткенше нәрестенің орнын сипап қаласың. Бала асырауға өтініш берген көп адам нәресте кезінде, ес білмей тұрып құшағына басқысы келеді. Алайда, базада тек есейген және науқас балалар көп. Ұзақ жылдар бір сәбиге зар болған кез-келген жұп дені сау, 12 мүшесі бүтін бала алғысы келеді. Мұндай балалардың рәсімделуі қиынға түседі. Осылайша уақыт өте береді, балалар детдомды толтыра береді»,-деп ашынды Гүлмира Әбіқай.