«Өзің сияқтыларға қандай жақсылық жасадың?»: Тамара Асар саясатқа бет бұруына не әсер еткенін айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Өнер иесі «Azamat live» YouTube арнасына берген сұхбатында саясаттан бұрыннан алыс болмағанын айтты. Оның сөзінше, өнер мен мәдениетті саясаттан бөліп қарауға болмайды.

“Адамның тұлға болып қалыптасуында тегі мен табиғаты ең басты рөл атқарады. Менің жүрген ортамның барлығы өте жақсы болды. Жақсы білім, жақсы тәрбие алдым. Саясаттан алыс болған жоқпын. Өнер, мәдениет саясаттан алыс емес. Ең басты мәселе, былтырғы жыл біздің отбасымызға өте ауыр тиді. Себебі, жолдасымның тұңғыш ұлы қолымызда еді. Сол қайтыс болды. 23 жастағы жігіт. Соған қатты қиналдым. Күйзелістің салдарынан аутоиммундық ауруға шалдықтым. Ешкімнен жасырған емеспін, бір аяғым протез. Аутоиммундық аурудан бір аяғым протезге жарамай қалды. Жүріс-тұрыс қиын болып кетті. Шетел аралап, басқа жақтарға емге кеттік", - дейді ол.

Тамара Асардың айтуынша, осы кезеңде өміріне қайта қарап, қоғамға қандай пайда әкелгені туралы ойлана бастаған.

"Қаншама жылдар бойы жастықпен, өнермен, марапатпен, мақсатпен жүргенде бір нәрсені елемеппін. Ол - өзіңе және өзгеге жақсылық жасау. Күннен күнге жастың жасармайтынын, ұлғаятынын ұмытып кетіппін. Көкейімде “55, 65, 75-ке барғанда бүтінделіп, бала-шағаңның алдында протезіңді киіп отырып, орныңнан қозғалу үшін жас кезіңде не істедің? Өзің сияқтыларға қандай жақсылық жасадың?” деген сұрақ пайда болды. Мен бұл жүйені жақсы білемін. 30 жылдан бері жолдас болдым. Ортопедиялық протездік жүйеге үлкен көмек, жақсы жұмыс керек екенін білемін. Бұл жүйеге әлеуметтік желіде жазудың керегі жоқ. Сауатты, саяси жақындау керек", - дейді әнші.

Тамара Асардың сөзінше, еліміздегі мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін протездік-ортопедиялық көмек мәселесі оның саясатқа келуіне түрткі болған.

"Елімізде 752 мың адам мүгедектік топтағы адамдар. Соның 95 мыңы протездік ортопедиялық көмекке мұқтаж. Солардың бірі менмін. Бір жағынан бала қарап, бір жағынан сахнаның әні мен сәнін сақтап жүргенде мен осы сұрақты ашық қалдырыппын. Саясатқа алып келген осы сұрақ. Мен бірден саясатқа бірден барамын деп ойлаған жоқпын. Партиялардың ішінде Қазақстан халық партиясы бірінші болып хабарласты. Бағдарламаларын оқыдым, инклюзияның үлкен тарауы бар екен. Құба құп алдым”, - дейді өнер иесі.

Сонымен қатар, ол адамның мамандығына қарап, қоғамдық қызметке араласуына баға беруге болмайтынын атап өтті.

“Әнші деген өнер адамы, өнер деген мәдениет. Мәдениет - ұлттың жүрегі. Алғаш рет Семей полигонын жапқан ақын Олжас Сүлейменов ағамыз. Ол да өнердің адамы. Алғаш рет Арал тағдырын мінберден айтқан Роза Бағланова апамыз. Ол - әнші. Ол - қоғам қайраткері. Қаншама азаматтар отырды. Солар емес, әйел заты Роза апамыз айтты. Заңгердің де заңгері бар. Сауаттысы да сауатсызы да бар. Сондықтан кез келген саланың, мамандық иесінің өзіне жауап беретін құқығы бар. Жалпылама топырақ шашуға қарсымын. Егер ол сауатты, қоғамдық жұмысқа бұрыннан араласатын, салт-дәстүрін білетін болса, халықтың жоғын жоқтап, күйін күйттейді. Сондықтан әнші екен, ақын екен, жазушы немесе спортшы екен деп бөлуге болмайды”, - дейді Тамара Асар.