Оның айтуынша, бокс федерациясы бас бапкер Мырзағали Айтжановты “құрбандыққа шалған”, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
“Пайладанып-пайдаланып, лақтыра салдық…
Кешеден бері ішім қайнап, өз-өзіме келе алмай жүрмін. 10 бірдей бапкерді далаға лақтыра салдық. Тура мағынасында солай. Париж олимпиадасынан кейін бір қорытынды жиын болмады. Бір сараптама жасалмады. Тараптардың уәжін де тыңдамадық. Бізден де кінәрәт бар. «Мырзағали кетсін», «Мырзағали кінәлі», «Мырзағали құртты» - деп шулай кеттік. Былай айтқанда «қан» керек болды. Федерация алды да Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалды.
Ал, енді не істейміз? Ары қарай қандай жоспар? Тығырықтан қалай шығамыз? Ешкім жауап бере алмайды. Кеше бірнеше подкастқа қатысып, осыны айтып үлгергенім сол еді, телефоныма қарасам жаңағы шешім шығып қойған. Ал, осыған қанағатпыз ба? Осымен бүкіл мәселе реттелді ме? Расымен де, тек қана Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер команданы артқа тарып, қазақ боксын құрдым жіберді ме? Басқа ешқандай фактор жоқ па? Басқа ешкім кінәлі емес пе? Ендеше, жарайды. Мықты екенбіз. Өте «парасатты» шешім. Өте «керемет» түйін.
Негізі кез-келген уақытта жұмыстан шығара салуға болады. Оған жабысып отырған Мырза аға да жоқ. Бірінші нақты стратегия құрмаймыз ба? Ок. Бір мықтыны алып тастадық. Екінші мықтыны орнына қоямыз. Енді қос мықты бір-біріне қарсы жұмыс істейді. Біз одан да сол мықтылардың басын неге бір жерге қоспаймыз? Бұған дейін де осындай мүдделер тоғысының кесірінен, адамдарды бір-біріне қарсы қою салдарынан талай таяқ жедік. Әлі де сабақ алар түріміз жоқ. Қоштасқанның өзінде бүгінге дейін жасаған еңбегін елеп-ескеріп, арқасына шапан жауып, дипломатиялық жолмен, яки, қазақы ізетпен жасауға болмас па еді. Сыртынан бұйрық шығарып, инстаграм арқылы алып тасаймыз. Оны ол үйінде жатып біледі. Не деген құрмет? Не деген қатынас? Бұдан кейін бізді кім сыйлайды? Кім құрметтейді? Керісінше, көрші елдерге күлкі болып жатырмыз”, - деп жазды журналист.
Аслан Каженов қазақ боксына қайтадан Айтжановты іздейтін уақыт туатынын да айтты.
“Айып етпеңіздер. Мен эмоцияда отырмын. Қысқасы, Мырза ағаға, амандық тілеймін. Бүгінге дейін жасаған еңбегіңізге рахмет. Шәкірттеріңіз берген нәтижеге рахмет. Ұлттық құрамамен жеткен жетістіктеріңізге рахмет. Әлемнің кез-келген елінде абыройыңыз бар. Кез-келген ортада мысыңыз басып тұрады. Қазақтың бапкері, қазақтың маманы ретінде таниды. Сол үшін құрметейді. Ал, ұлттық команда ішіндегі рөліңіз, тіптен, бөлек әңгіме. Соның барлығына алғыс айтамын. Жүрекке қатты қабылдамаңыз. Көп уақыт өтпеді. Қазақ боксы қайтадан Мырзағалиін іздейді. Сол кезде Мырзалиден артық адам да болмайды. Мен оған сенімдімін. Соған дейін жоғалмаңыз. Білем, бокс сүйікті ісіңіз. Тіпті, өміріңіз. Сондықтан, одан ажырамаңыз. Біз осындай қатігезбіз. Біз осындай эмоцияға берілгішпіз. Қазір сіз қызметте жоқсыз. Сізбен бірге болғандар ашық қолдай алмайды. Тіпті, осы посқа лайк та баса алмауы мүмкін. Десе де, айтпағым, бүкіл қазақ сізден теріс айналған жоқ…”, - қорытындылады ол.
Еске сала кетейік, Қазақстан бокс федерациясының шешімімен бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді.