«Пайда үшін емес. Өзімнің ұл-қызым тағдырлас балалардың қамы үшін»: Оңалту орталығының негізін қалаушы еңбек жолы туралы әңгімелеп берді

«Мен ерекшелігі бар балаларды өсіріп отырған ата-ананың жайын жақсы түсінемін» деген кәсіпкер, «Ерекшем» оңалту орталығының негізін қалаушы Қаршыға Амантаева тәжірбиесімен, жұмыс барысындағы қиындықтармен және кеңестерімен бөлісті, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы тілшісі.

Бұл орталықты ашуға тағдырым түрткі болды. Ұлым сал ауруының ауыр түрімен ауырады. Қазір жасы 13-те. Кейінгі кішкентай қызым сөйлей алмайды. Ұлымды арқалап аспаған қырым, баспаған тауым жоқ. Мұндай ауруға шалдыққан балалардың ата-анасын өте жақсы түсінемін. Қазіргі таңда емнің бағалары да өте қымбат. Бірақ, бағасына сайы да, сай емесі де кездеседі. Бұйыртып өзім орталық аштым. Тек нәтижеге жұмыс жасайтын мамандар таңдадым. Күннен күнге ем алуға келуші балалар саны да артуда. Себебі, ата-ана балаларының бойындағы өзгерісті байқайды.

18-ден асқаннан кейін көп оңалту орталықтары сал ауруымен ауыратын балаларды қабылдамайды. Бізде ондай шектеу жоқ. Ата-аналарының халін жақсы түсінемін. Бала есейді екен деп үйде арбаға таңып қойғысы келмейді. Емдеткісі келеді. Осыны ескеріп мен 18-ден асқандарға да арнайы жағдай жасадым.

Біздің орталық Қарасай ауданы, Абай ауылында орналасқан. Бұл орталықта сал ауруына шалдыққан, психикалық ауытқуы бар, даун синдромы бар, сөйлеу тілі кешеуілдеген балалар келіп ем алуына жағдай жасалған. Тілдің, есту мүшесінің, зейінінің дамуына ықпал ететін Томатис терапиясын қолданамыз. Білікті логопед, психолог мамандар жұмыс істейді. Сал ауруына шалдыққан балаларға барлық ем шаралары бар. Массаж, ЛФК, (иппотерапия) атпен жүргізу емі бар. Жаттығу жасайтын аппараттарымыз да балалардың игілігі үшін жарап тұр.

- Орталықтың атауын «Ерекшем» деп өзіңіз таңдадыңыз ба?

Иә. Ерекше балалардың құрметіне солай атадым. Мен тіпті бұл балаларды періште деп есептеймін. Ойлары тап-таза, кіршіксіз.

- Ерекше бала өсіріп отырған ата-аналарға айтарыңыз бар ма?

Ерекше бала өсіріп отырған ата-аналарға әуелі айтарым төзімділік қажет. Өздеріңізді жарты жолда тастап жібермеңіздер. Баланың емінің нәтижесі өте ұзақ уақытты талап етеді. Қаншама уақыттық емнің нәтижесі аз-аздан ғана білінеді. Міне осы кездерде жігерді құм қылудың қажеті жоқ. Шыдамдылық танытыңыздар. Бала аяққа тұрғанға дейін сабыр ете біліңіздер. Өз ұлым тоқтаусыз емнің арқасында енді ғана қадамға тұруға талпына бастады. Оның өзі үлкен нәтиже, зор қуаныш болды. Қызымның да сөйлеуге ұмтылысы пайда бола бастады. Науқас баласы бар ата-аналар емді тоқтатпаса екен деп ойлаймын.

Әр ем шарасы 30-40 минуттан жүреді. Кешенді ем қабылдау арқылы нәтижеге де бір табан жақындауға болады. Қауызда ем жүргізу де жоспарда бар. Алайда қаражат жағының реті келмей тұр. Уақыттың еншісіне салдық. Орталық ғимаратының жалдау ақысы да оңайға түсіп тұрған жоқ. Қазір пайда үшін емес тек өзімнің ұл-қызым тағдырлас балалардың қамы үшін еңбек етіп жатырмын десем де болады. Қалада мұндай орталықтар көп шығар. Алайда аудан, ауылдық жерлерде тапшы. Ата-аналар үшін бұл орталыққа келу өте қолайлы. Кейде қаражат мәселесімен бетпе-бет келгенде орталықты жауып тастау туралы да ой келеді. Дегенімен соншалық үмітпен келетін аналардың жанарын ойлаймын. Өзім екі баланы қалаға тасып әбден сандалған едім.

- Негізі мамандығыңыз қандай?

Педагогпын. Бала босанғанға дейін мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрген едім. Бала дүниеге келген соң күтімімен қалып қойдым. Бала туылғаннан бастап осы ауруды зерттей бастадым. Алғашында жаныма өте қатты бататын. Кейіннен бәрін қабылдадым. Ерік-жігерді бойыма жинадым. Тіпті, екі есе бойыма күш бітіп кеткендей болды десем де артық емес.

Арасында түрлі орталықтарда мен де қызмет атқардым. Дефектолог болып еңбек еткен кездерім болды. Ерекшелігі бар балалармен қалай сөйлесу керек, күтімі қалай болады? Бәрін бес саусағымдай біліп алдым. Орталық жәйдан жәй ашылған жоқ. Үлкен ізденіспен келдім.

- Еңбекке жастайыңыздан жақын болыпсыз ғой?

Кішкентайымыздан әке-шешеміз еңбекке баулып өсірді. Ол кісілер таң ата кеткеннен қара кешке дейін жұмыста болады. Біз 6 баламыз. Бірімізді біріміз бағып өстік. Содан ба маған қазір бала тәрбиесі саласы жақын болып қалды. Тынбай еңбек еткен ата-анамыздың көрінісі де әбден санамызға сіңіп қалыпты. 

- Өзіңіз еңбек адамы ретінде үлгі тұтар адам бар ма еді?

Ұлым 3 жарым жасында Аружан Саинның ұйымдастыруындағы қордың көмегімен Қытайға ем алуға шыққан болатынбыз. Сонда Аружан Саин деген кім деп іздене бастадым. Сөйтсем қаншама балаға көмек беріп отыр екен. Атқарып жүрген жұмыстарын көріп таңқалдым. Маған да сол уақытта мен де өз септігімді тигізе аламын деген ой келді.

- Шетелде ерекше балалардың емі қаншалық жолға қойылған? Бұл жайлы ізденіп көрдіңіз бе?

Сал ауруын емдейтін дүниежүзіне танымал орталық Украинада орналасқан. Алайда оған қарапайым адамдардың қолы жете бермейді ғой. Бағасы өте қымбат. Мен де тек ғаламтордан қызығып қана қарай аламын.

Біздің орталықтағы жаттығу құралдарының бәрі қолжетімді бағадағы отандық өнім. Негізінде олар балаларға ыңғайсыздық тудырады. Шетелдік құралдарға қарап жасалған көшірмелер ғой. Бірақ амал қанша?! Былайша айтқанда қолда бар мүмкіндігімізді ғана пайдаланып жатырмыз. Екі аяқ, екі қолды бірден жаттықтыруға мүмкіндік бар аппаратты Америкадан алдыртсақ та болар еді. Алайда оған әзірге мүмкіндік жоқ. Оның құны 2 миллион теңгені құрайды. Мысалға келтіре берсек шетелде небір аппараттар бар.

- Демеуші іздеп көрмедіңіз бе?

Негізінде аппараттарымыз жеткіліксіз. Демеуші іздеп жатырмыз. Демеуші іздеп жазсақ та ешкім жауап беріп жатқан жоқ.

Облыста қалаға қатынауға мүмкіндік болмай төсекте таңылып жатқан балаларды көп көрдім. Сондықтан да орталықты әрімен қарай кеңейте түскім келеді. Ел арасынан қолдаушы жандар шықса нұр үстіне нұр болушы еді.

Оның бәрін былай қойғанда балалардың толық тегін ем алғанын қалаймын. Қазірдің өзінде қолдан келгенше емнің көп түрін тегін жүргізуге тырысамын. Дегенімен мені жалдау ақысы мен мамандарыма берілетін айлық ұстап тұр. Әлі де тоқтамай осы мәселелердің шешімін іздеудемін. Бір реті, жолы болады деген үміттемін. Қанша дегенімен бұл ерекше балаларымыз үшін ғой.

- Сұхбатыңызға рақмет!