Себебі қарапайым әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділік мәселесі ел бойынша әрдайым өзекті болған. Оның ішінде Алматы тұрғындарының өтініштері мен шағымдары бар. Пандус тақырыбына келгенде, тек мүгедектігі бар азаматтар туралы айту қате болады, себебі ол тұтас қоғамды толғандыратын, кішкентай баласы бар ата-аналар мен егде жастағы адамдарға, сондай-ақ уақытша қозғалысы шектелген тұрғындарға да тікелей қатысты. Біздің редакциямызға, әлеуметтік желіде жас аналардан көптеген шағымдар түсуде. Олардың айтуынша, баламен жалғыз үйден серуендеуге шығудың өзі қиын. Себебі қарапайым жағдай жасалмаған. Пандустардың аты болғанымен, заты жоқ. Caravan.kz медиа порталының тілшісі Алматы қаласының бірнеше ауданын аралап, пандустардың жағдайын өз көзімен көріп қайтты.
Аталмыш мәселеге көз жеткізу үшін бүкіл қаланы шарлаудың қажеті жоқ. Бір ауданның өзін аралап, халықтың жанайқайын түсінуге болады. Күн сайын мыңдаған адам тап болатын қиындықтарды көруге болады. Біз көптеген ғимараттардың алдында пандус мүлде жоқ екенін байқадық. Ал орнатылған пандустардың жағдайы тіпті мүшкіл. Міне, біздің пандустардың күйі осы. Бұл қалай? Әзілі ме, шыны ма?
Бұл пандустарға қарап, кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі жандар туралы да, келіп-кететін ата-аналар туралы да ойламаған сияқты. Қағазда «бар» деген есеп үшін жасалғандай әсер қалдырады. Біз арнайы барып түсірген суреттерге қараңыз. Көпшілігі тым тік әрі биік, кейбірі тар, кейбірінде тұтқалар жоқ, кейбірі рельс ретінде жасалған. Кейбірі тіпті арбамен көтерілуге немесе түсуге өте қауіпті. Кейбір пандустар ешқайда әкелмейді. Ал биік ғимараттардың кейбірінде баспалдақтан басқа ешнәрсе жоқ. Бұл біз келтіріп отырған бірнеше ғана мысал, бұған қарап қолжетімді орта құру талаптарының тек қағаз жүзінде орындалатынын көріп отырмыз. Арнайы барып, немесе орнатып жатқанда сол пандуспен жүріп тексергендері жоқ та шығар.
Біз сұхбаттасқан жас ана Салтанат Бектенова күн сайын осы мәселемен бетпе-бет келетінін айтады.
"Бес айлық баламмен сыртқа шығу сынаққа айналды. Үйімнің маңында жағдай жасалмаған. Ал мынау пандустармен қалай көтерілуге болады, айтыңызшы? Коляскам бар, баламның салмағы 8-10 кг, жалғыз өзім қалай көтеремін? Ертең балам тағы өседі. Пандустың түрі мынау, онымен көтеріліп-түсудің өзі азап, мынау пандуспен жүре де алмайсың. Бұл менің ғана емес, менің айналамдағы қаншама адамның күнделікті кездесетін проблемасы", - дейді Салтанат.
Жас ананың айтып отырған пандусын суреттен көруге болады. Бұл Әл-Фараби даңғылындағы жерүсті көпірінде орналасқан пандус. Екі рельс түрінде тұтас емес салынған пандус талапқа сай емес, себебі арбалардың ені әртүрлі болып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбалардың дөңгелектерінің арақашықтығы бірдей болмайды. Егер рельстер белгілі бір өлшемге ғана жасалса, адам дәл түсіре алмай, сырғып кетуі мүмкін. Сондай-ақ екі жолақпен көтерілу не түсу тұтас пандусқа қарағанда қиын. Мұндай жағдайда аударылып кетуі ықтимал. Көмектесетін адамдарға да ыңғайсыздық тудырады.
Пандус — сән емес, қажеттілік
Пандус — архитектуралық элемент немесе «ыңғайлылық үшін жасалған қосымша» емес. Пандус - адамдардың еркін қозғалуына, қоғамдық өмірге қатысуына мүмкіндік беретін негізгі құралдардың бірі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, елде шамамен 740 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың ішінде еңбекке қабілетті жастағы азаматтар да, балалар да бар. Алматының өзінде 59 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғын өмір сүреді. Бұл — қалалық ортадағы қолжетімділік мәселесі мыңдаған адамның күнделікті өміріне тікелей әсер етеді деген сөз.
Заң талаптары қандай
Қазақстан заңнамасына сәйкес, кәсіпкерлер мен ғимарат иелері әлеуметтік және қоғамдық нысандарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
Пандустарға қойылатын негізгі талаптар:
— ғимаратқа кіреберісте міндетті түрде пандус немесе көтергіш құрылғы болуы тиіс;
— пандус биіктігінің ұзындығына қатынасы 1:20 м болуы керек (тар жерлерде 1:12 дейін рұқсат етіледі);
— ені кемінде 1,2 метр болуы қажет;
— екі жағында тұтқалар орнатылуы тиіс;
— сырғып кетудің алдын алатын қорғаныш жиектері болуы керек;
— кіреберіс алаңы жеткілікті кең болуы тиіс.
Бұл талаптардың барлығы нақты қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін енгізілген. Яғни пандус тек орнатылуы емес, оны қауіпсіз әрі ыңғайлы пайдалану мүмкіндігі де маңызды.
Шақыру батырмасы — шешім бе?
Кейбір нысандарда пандустың орнына қызметкерлерді шақыру батырмалары орнатылады. Бұл техникалық тұрғыдан пандус жасау қиын болған жағдайда қарастырылатын қосымша шаралардың бірі. Алайда іс жүзінде мұндай батырмалар қолжетімділіктің толыққанды шешімі бола алмайды. Себебі олар адамның нысанға өз бетінше кіру мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Бұл тек бөгде адамның көмегіне жүгінуге мәжбүр ететін уақытша амал.
Өкінішке орай, біз аралаған кейбір нысандардың алдында мұндай батырма да орнатылмаған.
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қолжетімділікті қамтамасыз етпегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік шарасы қарастырылған.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс - әрекет (әрекетсіздік) - лауазымды адамдарға - 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 250 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 600 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.
Жауапкершілікке қарамастан, Алматыда заңмен бекітілген талаптар толық жүзеге аспай отыр. Халық жиі баратын нысандар, яғни дәріханаларда, дүкендерде және басқа да қоғамдық нысандарда әлі күнге дейін баспалдақтардан басқа тек дұрыс емес пандустар ғана тұр.
Иә, қолжетімді орта құру мәселесі бүрыннан көтеріліп келеді, алайда әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Тиісті органдар тексеріс жұмыстарын жүргізетініне қарамастан, қоғамның өркениеттілігін көрсететін маңызды көрсеткіш әлі толық орындалмады.
Қорытындылай келе, пандус - сәндік элемент емес. Олар адамдардың тең құқықпен өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылым екенін еске салғымыз келеді. Сондықтан бұл мәселе тек осы жерде жазылып қана қоймай, нақты әрекеттермен шешілуі тиіс. Біздің редакция мәселені әрі қарай зерттеуін жалғастырады.