Бұл туралы М.Оспановтың адвокаты Хамида Айтқалиева хабарлады.
Бұған дейін хабарланғандай, агенттік төрағасы 3-шілде күні тұтқындалған болатын. Қаржы полициясы оны табиғи монополия субъектілерінің біріне қамқорлық жасау үшін 300 мың доллар пара алды деп айыптаған-ды.
Ал, адвокаттың айтуынша, ақшаны агенттік төрағасының көмекшісіне М.Оспановтың досы қарызға берген көрінеді. М.Оспанов ол қаражатты баласының тойына жұмсамақ болған.
Х.Айтқалиеваның айтуынша, ақшаны М.Оспановтың досы алдын-ала келісім бойынша берген. Содан біраз уақыт бұрын олар Алматыда кездесіп, өзара келіскен көрінеді. «Мұрат Мағауияұлының отбасында салтанатты шара өткелі жатыр. Перзентінің тойын жасамақ. Біраз бұрын ол Алматыға барып, досынан 200 мың доллар қарыз сұраған. Енді келіп мұны пара берді, пара алды дегенге теліп отыр», - дейді адвокат.
Досының қамалғанын естігеннен кейін М.Оспанов қаржы полициясына өзі барыпты. «Сол жерде оны қамап тастаған», дейді қорғаушы.
«Қылмыстық іс агенттіктегі лауазымды тұлғалардың 200 мың доллар ақша алғанын анықтаған жедел-іздестіру шаралары негізінде қозғалған. Кейін М.Оспановқа 300 мың доллар пара алды деген айып тағылды. Мұнымен келісу қиын. Сіздер пара алу үстінде қолға түсіргенде қалай болатынын теледидардан көріп-біліп жүрсіздер. М.Оспанов пара алу үстінде тұтқындалған жоқ», - дейді адвокат.
Қорғаушылар қылмыстық іс қозғау туралы қаулы мен М.Оспановқа қатысты шұғыл-іздестіру шараларын өткізу туралы қаулыға қарсы шағымданды.
Сонымен қатар, агенттік төрағасын айыпталушы ретінде іске тарту туралы қаулыға қарсы тағы бір шағым жазылды. «Пара беруші ретінде жеке тұлға тағайындалып отыр. «Тағайындалып отыр» деуімнің себебі бар. Өйткені, қаржы полициясы қаласын-қаламасын... М.Оспановтың досының табиғи моноплия субъектісіне ешқандай қатысы жоқ», - деді Х.Айтқалиева.