Пара алған әріптестері үшін қол шапалақтаған қостанайлық полицейлер жауапқа тартылатын болды

Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлайды.

“Рубеж» бекетінде тұрып, пара талап еткендердің сотына барған погондағылардың көптігі сондай, кейбір басылымдардың жазуына қарағанда залға сыймаған. Бұрынғы болса да әріптестерімен жаны бірдей екендерін көрсеткен – айыпталған 3 полицейдің үшеуінің де түрмеге жабылмайтыны белгілі болғанда, тасырлата қол соқты.

Жол-патрульдік полиция батальонының екі қызметкері Арман Көпжасаров пен Ермек Исанов және көші-қон полициясының қызметкері Алмат Қабенов 2 эпизод бойынша айыпталды – 1. Күнбағыс тұқымы тиелген 7 КамАЗ көлігін бастап жүрген азаматтан 7 мың теңге пара алған. 2. Мас болып көлік айдаған ресейлік азаматтан 100 мың теңге алған.

Алмат Қабенов кінәсін мүлдем мойындамады. Оны бірінші эпизод бойынша ақтап, екінші эпизод бойынша кінәлі деп тапты – пара алуға болысу бабы бойынша. 5 млн 99 мың теңге айыппұл төлейді. Ермек Исановқа 5 млн 590 мыңға жуық, ал Арман Көпжасаров 7 жарым миллиондай айыппұл салынды. Сотталғандардың туысқандары айыппұлдардың қомақты бөлігін төлеп те қойыпты, қалғанын бір айдың ішінде төлеулері керек. Төлемесе – түрме. Олардың дүние-мүлкі де тәркіленеді.


Ал сотта қол соққан қостанайлық полицейлер енді жауапқа тартылуы мүмкін. Оларға қатысты қызметтік тексеріс басталып кетті, деп мәлімет берген Жергілікті полиция қызметінің бастығы Нығмет Смағұлов.