"Пәренжі жамылған қазақ қызын көрсем, бетінен жұлып алғым келеді"; Танымал ақын дүмшелер туралы қатты айтты

Бұл туралы танымал ақын alashainasy.kz-ке берген сұхбатында айтқан, деп жазды Caravan.kz порталы.

«Қазақтың қай ғасырдан бері келе жатқан мұсылмандығы бөлек қой. Біздің қазақ қай заманда да адамды сыйлау, қарғыс алмау, алғыс алу деген ұлы принциппен өмір сүреді емес пе?! Ұлы даланың қарапайым молдасының өзі өте сауатты еді. Молда дегенді біздің қазақ қатты құрметтеді. Бұрын ауылдағы бір молда қазіргі қалалардағы шетелден оқып келген имамдардан мінездері де, өзін-өзі ұстаулары да мүлдем бөлек болатын. Мүмкін, ренжір, мүмкін ренжімес, бірақ маған қазіргі заманауи имамдар арабтан шала алып келген дүниелерін қазаққа шала күйінде таңып жатқан сияқты көрінеді. Ұлы даланың Құдайы – әр адамның жүрегінде, бесігінен берілетін үйдегі тәрбиеде. Міне, бізге сол жетіп жатыр. Ал енді бүгін вахабизмге қосылып, пәренжі жамылған қазақ қыздарын көргенде, бетінен жұлып алғым келеді. Себебі оның артында кім тұрғанын кім білсін? Сол ағымға еріп, олардың
жеткен жері терроризм болып жатқан жоқ па? Өйткені олар ұлттық тәрбиеден айырылды
»,- дейді Ақұштап Бақтыгереева.

Алаштың белгілі ақыны мұнымен күреспесек ұрпақтан айырыламыз дегенді айтады. 

«Мұның басында кім отырса да, қыздарымызды бұзу арқылы халқымызды ұлтсыздандыруды көксеп отыр. Мен бұны ұлтқа қарсы жасалған қастандық дер едім. Мұнымен күреске бел шеше, білек сыбана кіріспесек, енді тоқтау жоқ па деп қорқамын. Әсіресе батыста дүмшелер ойран салып жүр. Егер осылай кете берсе, онда біз көп ұзамай ұрпақтан айырыламыз. Бірақ бір үмітім бар – біз, қазақ, құлап барып, сүрініп барып, қайта бойымызды тіктейтін халықпыз ғой, осы жолы да солай болатын шығар. Бәрін дұрыстаймыз десек, бізде әлі де мүмкіндік бар. Себебі біз еркін де егемен елміз»,- деді ол.