Төртжылдықтың басты додасына спортшылар қызу дайындық үстінде. Ал жер жүзілік жарыста атлеттерден бөлек біз назар аударатын тағы бір мәртебелі мамандар бар. Олар – төрешілер. Париж Олимпиадасында төрелік ететін қазылар арасында қазақстандық шеберлер де жоқ емес.
Осы ретте Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі жазғы ойындарға аттанатын қазақстандық әділ-қазылармен таныстырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы .
Қазіргі мәлімет бойынша, Париж Олимпиадасына 12 қазақстандық маман төрелік етеді.
Олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (әртістік жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, сабля), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).
Олимпиада ойындарында төрелік ету үлкен білікті талап етеді. Одан бөлек, халықаралық федерациялар жазғы ойындарға баратын әділ-қазыларды қатал іріктеуден өткізеді. Әлемдік ұйымның сынағынан сүрінбей өтіп, сайдың тасындай іріктелген мамандар ғана ең мәртебелі жарыс – Олимпиада ойындарында қызмет етеді.
Қазақстандық төреші Тимур Әмірбековосымен өзінің төртінші Олимпиадасына аттанады. Спорттық гимнастиканың хас шебері бұған дейін 3 Олимпиада ойындары мен 18 әлем чемпионатында төрелік еткен. Ал Әмірбеков қазылық жасаған Азия чемпионаттары мен әлем кубогінің санында есеп жоқ.
«Бұл – менің төртінші Олимпиадам. Ең алғаш рет 2004 жылғы Афина Олимпиадасында қызмет еттім. 2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы ойындарға төрелік етпедім, себебі, бұл кезде ұлттық құраманың бас бапкері едім.
Әлемдік деңгейдегі төрешінің айтуынша, спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы өкілдерінің медаль алатын мүмкіндігі зор.
«Біздің екі гимнастымыз да әлем мықтыларының қатарында. Екеуінің де тәжірибесі мол. Екеуінің де шеберлігі артып келеді. Сондықтан, біздің командада бәрі жақсы болады деген сенімдемін. Алға, Қазақстан», - деп аяқтады сөзін Әмірбеков.
Күрес түрлерінен олимпиадалық деңгейдегі екі төрешіміз жазғы ойындарда жұмыс істейді. Олар – Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай.
Ерік Жұмабеков төрт әлем чемпионатында төрелік еткен. Тәжірибелі маман Олимпиадада алғаш рет қазылық жасайды.
«Мен халықаралық дәрежедегі төреші атағын 2009 жылы алдым. Содан соң, үшінші, екінші және бірінші дәрежелі төреші атану үшін түрлі емтихан тапсырып, бүгінгі жетістікке жеткен жайым бар. 2018 жылы Таиландта олимпиадалық төреші атағын сәтті қорғадым.
Ерік Жұмабеков 2019 жылы Астанада, 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022-2023 жылдары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионаттарында және 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрешілік міндетті абыроймен атқарған.
«Олимпиадаға қатысатын балуандар сынды, біз де үнемі бабымызда жүреміз. Дайындаламыз, білгенімізді ой елегінен тағы өткіземіз.Үнемі бабыңда болмасаң, кілемдегі жағдайға ілесе алмай қаласың. Олимпиада қарсаңында тағы бір жарыста төрелік етсем деген ойым орындалмады.
Қазақстандық төреші Алуа Бектұрова Париж Олимпиадасында көркем гимнастика шеберлеріне баға береді. Бектұрова көркем гимнастикадан Халықаралық санаттағы төреші. Ол жекелей және топтық жаттығудағы спортшылардың өнеріне төрелік етпек.
Алуа бұған дейін Буэнос-Айрестегі (2018) жасөспірімдер Олимпиадасында қазылық жасап, Токио Олимпиадасына резервтегі төреші ретінде шақыртылған. Ол бүгінге дейін әлем чемпионаттары мен әлем кубогі кезеңдерінде жұмыс істеп келді. Ал Олимпиада ойындарында алғаш рет қазылық жасамақшы.
«Мен Париж Олимпиадасына көркем гимнастикадан төреші ретінде шақырту алдым. Олимпиаданың басқа жарыстардан басты айырмашылығы – мұнда әлемнің әр түкпіріндегі қазылар арасынан іріктейді. Сондай-ақ, іріктеу талаптары өте қатал.
Қазақстандық маман соңғы олимпиадалық циклде, яғни, 2020-2024 жылдар аралығында екі әлем чемпионаты мен әлем кубогінің барлық кезеңінде төрелік еткен.
Оның ішінде, Испанияның Валенсия қаласында өткен лицензиялық әлем біріншілігі де бар. Бүгінде Алуа Бектұрова Париж ойындарына тоқтаусыз дайындалып жатыр.
«Күніне 2-3 сағатымды дайындыққа арнаймын. Олимпиадаға қатысатын гимнастардың өнерін үйде видео арқылы қарап, бағалаймын. Төрешілікке қатысты қосымша материалдарды да қалт жібермеймін.