Париж Олимпиадасының басталуына 5 күн қалды

Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қазақстан атынан қатысатын 80 спортшы 25 спорт түрінен тартысқа түспек.

Генадий Головкин өзінің әлеуметтік парақшасында Парижге жеткендері туралы жазып, суретпен бөлісті.

"Біз келдік. Командамыздың атлеттерін қолдауға әрқашан дайынмын!", - деген ол.

Соңғы 20 жылда дәстүрге айналғандай, “Хабар” Агенттігі биыл да Олимпиада ойындарын бұқараға көрсететін көпір рөлін атқармақ. Бұл Агенттік қоржынындағы жетінші жазғы Олимпиада. 

“Ел арна” мен “Хабар” арналары Париждегі Олимпиада ойындарын эфирден беруге белсенді дайындық үстінде. Тікелей эфирде болатын комментаторлар арасында жас мамандар да, отандық спорттық журналистика майталмандары да бар. Оның ішінде, өз ісінің нағыз жанкүйері болған марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бекасыл Сейітханов та әкесінің жолын жалғастырып, ағамыздың әр эфир соңында айтатын “Жеңісті күндерде жолыққанша!” деген сөзін сағынған қауымға қайта жаңғыртады. 

Спортшыларымызға сәттілік тілеп, әр ойынды бірге тамашалайық.