Парламент Бюджеттік кодекске енгізілетін түзетулерді қабылдады

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, түзетулерді енгізудегі мақсат - мұнайдан түскен кіріс пен басқа кірістердің ара жігін ажырату және оларды толық әрі дер кезінде Ұлттық қорға аудару.

Енгізілген өзгерістермен "мұнайдан түскен кіріс" деген ұғымның аясы кеңейтіледі. "Қазіргі таңда Ұлттық қор тұжырымдамасының нормаларымен кіріс ретінде шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру мен сатудан түсетін түсімдер айқындалған. Оларды ендігі жерде мұнай операцияларынан, соның ішінде мұнай мен газ конденсатын барлау, өндіру және сатудан түскен кірісті мұнайдан түскен кіріс деп санау ұсынылып отыр.

Сонымен бірге "мұнай операцияларынан түскен басқа да түсімдерді, соның ішінде мұнайға қатысты келісім-шарттарын бұзу салдарынан мұнай өндіру мерзімінің кейінге шегерілуі, мұнай өндіру технологиясын бұзудан түскен кірістерді де" Ұлттық қорға аударылатын кіріс ретінде айқындау ұсынылған.

Сондай-ақ, "Ұлттық қорды толықтыратын қосымша көз ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың өнім бөлісу жөніндегі шартқа сәйкес аударған қосымша төлемдерін де айқындау ұсынылған. Бұл төлемді жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстанның үлесі бойынша түсімдер мөлшері шартта белгіленген шамадан аз болып шыққан жағдайда жасайды. Бүгінгі таңда ондай төлем жоқ.

Заң президенттің қол қоюына ұсынылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті