Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Мамытбеков заң жобасын депутаттарға таныстыра келе енгізілетін өзгерістердің алға қойған басты мақсаты "азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін арттыру, әкімшілік кедергілерді қысқарту жолымен отандық фармацевтикалық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін көтеру" екендігін түсіндірді.
Заң жобасы Салық кодексіне, "Ұлттық қауіпсіздік туралы" және "Дәрі-дәрмек туралы" заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынады. Атап айтқанда, Салық кодексіне дәрі-дәрмек өндіретін құралдарды импорттауға қосымша құн салығын алып тастау нормасы енгізіледі. "2007 жылғы фармокология саласының жағдайына сараптама жасай отырып, біз оның дамуына кедергі келтіріп отырған проблемаларды анықтадық. Оның ішінде - дәрі-дәрмек өндіретін құралдар импортына ҚҚС, отандық өндірушілер үшін дәрі-дәрмек субстанцияларын міндетті түрде тіркеуден өткізу және т.б.", - деді вице-министр.
Е. Мамытбеков заң жобасы қабылдануымен бірге дәрі-дәрмек өнімдерінің дүниежүзі нарығына шығуы, танымал әлемдік брендтермен бірлескен өндірістерді құру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту күтіліп отырғанын атап көрсетті.