Аталған шарт күшіне енген күннен бастап Армения Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады. Сонымен қатар, Армения 2014 жылдың 29 мамырындағы ЕАЭО туралы шартқа және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық құқықтық базасымен көзделген міндеттемелерді өзіне алады.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, аталған шарт негізгі төрт еркіндікті қамтамсыз ету бойынша жағдайлар жасауға бағытталған. Бұлар тауарлардың, капиталдың, қызмет көрсетулердің және жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Сонымен қатар, Арменияның интеграциялық процеске қатысуы тұтастай алғанда Одақ үшін барынша елеулі пайда күтіледі.
«Арменияның шартқа қосылуы Қазақстанға экономиканың көптеген салаларында екі елдің ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерін ашады. Әсіресе, металлургия, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында ынтымақтастық кеңейе түседі. Бірыңғай нарық құру - Армения ұсынатын өңірмен сауда-экономикалық қатынастарды ынталандыруға алғышарттар қалыптастырады», - деді министр.
Ескере кететін жайт, Армения 2003 жылдан бері Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып табылады. Осыған орай, Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуына байланысты Арменияның тиісті тарифтік міндеттемелерінің өзгеруі бойынша ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен келіссөздер жүргізетін болады. Бұл ретте Арменияның міндеттемелері ЕАЭО-қа мүше басқа мемлекеттерге қолданылмайды. Жалпы шартты қабылдау Армениямен арадағы бірлескен кәсіпорындардың өзара дамуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ өткізу нарығын кеңейте түсуге жағдай жасап, ЕАЭО қатысушы мемлекеттердің экономикасын тұрақты дамытуға септігін тигізеді.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.