Парламент ЕАЭО-ға Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты ратификациялады

Аталған құжат «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты, 2014 жылғы  29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарға өзгерістер енгізу туралы хаттама, сондай-ақ 2014 жылғы          29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын  деп аталады. Осылайша, Парламент қабылдаған заң күшіне енген күннен бастап Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі болып табылады.

ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз елінің қосылуы туралы құжатқа 2014 жылғы 23 желтоқсанда Қырғыз Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының Президенттері Мәскеу қаласында қол қойған болатын. Ал осы қосылу аясындағы өтпелі ережелерді және олардың қолданылу жағдайларын қамтитын Қосылу туралы шартта көзделген хаттамаларға мемлекет басшылары 2015 жылғы 8 мамырда Мәскеу қаласында қол қойды.

«Осы шарт пен тиісті хаттамалар күшіне енген күннен бастап Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады. Сонымен бірге, Қырғызстан ЕАЭО туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартта, сондай-ақ Одақ құқығына кіретін басқа да халықаралық шарттарда  көзделген міндеттемелерді қабылдайды. Қырғыз Республикасының ЕАЭО туралы шартқа қосылуы негізінен тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызметтер мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға бағытталған», - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Осылайша, Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуының негізгі шарттарына сәйкес, құжат ратификацияланған кезден бастап мүше мемлекеттердің барлығы кедендік бақылауды жояды. Сонымен қатар, мемлекеттік шекараның Қазақстан-Қырғыз учаскесінде санитариялық-карантиндік, ветеринариялық-санитарлық, фитосанитариялық бақылауды жою Қырғыз Республикасының тиісті бақылау жүйелерінің бағалау нәтижелерін ЕЭК Кеңесі мақұлдағаннан жүзеге асады. Бұдан бөлек, қосылған құнының пайыздық үлесі 50 %-дан аз болмайтын Қырғыз елінің аумағындағы қайта өңдеу критерийлері бойынша арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне қойылатын талаптар қолданылады.


«Қазақстан нарығына Қырғыз Республикасының аумағына 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін әкелінген автомобильдер ғана еркін кіретіні айқындалды. Бұл ретте, олар «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келуі тиіс.Тұтастай алғанда, Орта-Азиялық өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру бойынша мүмкіндіктерді кеңейту Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуының маңызды факторы болып табылады», - деді Ерболат Досаев.

Парламент қабылдаған құжат енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.