Парламент есірткілік қылмыстар үшін жүктелетін қылмыстық жауапкершілікті күшейту жөнінде заңнамаға енгізілетін түзетулер бойынша келісім комиссиясын құрды

Бұл туралы мәжілістің бүгін өткен жылпы отырысында мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев мәлім етті.

"Комитет жекелеген түзетулер бойынша әріптестерімізбен келісу мүмкін емес деп санайды. Осыған байланысты аталған мәселені келісім комиссиясында қарауды ұсынамыз", - деді мәжіліс дерутаты.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Халықаралық тәжірибені ескеру негізінде және ішкі ахуалдың біршама күрделілене түсуіне байланысты заң жобасымен есірткілік қылмыстарды жасағаны үшін жүктелетін жауапкершілікті күшейту, тіпті өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жаза жүктеу ұсынылып отыр. Мұндай жаза төменде аталған жағдайларда қолданылады: оқу орындарында және кәмелеттік жасқа жетпегендерге есірткі сатқаны үшін, ұйымдасқан қылмыстық топтардың аса ірі көлемде есірткі сатқаны үшін, аса ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін, есірткі тұтынуға тарту салдарынан адамды өлімге душар ету қылмыстары үшін.

Сонымен бірге, Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулермен "көңіл көтеру ұйымдары" деген ұғым енгізіліп, "осындай ұйымдарда есірткі тұтынудың алдын алуға шара қолданылмаған жағдайда олардың іс-қызметіне тыйым салу немесе уақытша тоқтату" туралы санкция енгізіледі.