Парламент "Конституциялық кеңес туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады

"Сенат тарапынан бұл заң жобасының концепциялық ережелерін өзгертпейтін екі түзету енгізілді", -делінген мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Сөйтіп, заң парламентте қпабылданды деп танылып, мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Сенат депутаттары "Конституциялық кеңес туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды өз түзетулерін енгізіп мәжіліске қайтарды.

Атап айтсақ, сенаттың түзетулерімен "Конституциялық кеңестің шешімдерін қайта қарау жөнінде бастама көтере алатын субьектілердің тізімі біңршама кеңейтілген", -делінген сенаттың заңнама және құқықтық мәселелер жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Сенаттың ұсыныстарына сәйкес, " Конституциялық кеңестің шешімін ҚР президентінің бастамасымен немесе егер Конституцияның нормасы өзгертілген жағдайда осы норманың негізінде шешім қабылданса, кеңестің өз бастамасымен; шағымға негіз болған жаңаша маңызды оқиғалардың беті ашылған жағдайда қайта қарауға болады". Сондай-ақ, Конституциялық кеңестің шешімін президенттің бастамасымен "азамат пен адамның құқығы мен бостандығын, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық біртұтастығын қорғау мүддесіне сай" қайта қарауға болады".

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өзгерістер "Конституциялық кеңес туралы" конституциялық заңды жаңартылған Конституцияға сәйкестендіруге бағытталған.

Құжатты мәжілісте қарау барысында депутаттар Конституциялық кеңестің шешімін мемлекет басшысының бастамасымен қайта қарау мүмкіндігін белгілейтін , сондай-ақ, Конституциялық кеңестің қосымша шешімі шығарылатын жағдайларды нақтылайтын өзгерістер мен толықтыруларды енгізді.