Парламент мәжілісі мен сенатындағы үкімет өкілдері тағайындалды

Атап айтсақ, Қуаныш Алпысбеков үкімет басшысының кеңсесі жетекшісінің орынбасары әрі парламент мәжілісіндегі үкіметтің өкілі болып тағайындалды. Қ.Алпысбеков бұған дейін Қазақстан парламентіне екі мәрте депутаттыққа сайланған. Алғаш рет 1994-жылы 13-шақырылған ҚР Жоғарғы кеңесіне сайланса, екінші рет 1999-жылы мәжіліс депутаты болып сайланды. Ол кезде Қ.Алпысбековтың кандидатурасын "Отан" партиясы қолдады. Осы жолғы сайлауға ол қатысқан жоқ.

Қабиболла Жақыпов үкімет басшысының кеңсесі жетекшісінің орынбасары әрі парламент сенатындағы үкімет өкілі болып тағайындалды.
Қ.Жақыпов Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік басқару аппараты жүйесінде жұмыс істеді. 1993-2000-жылдарда әкімшілік басшысы , Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. 2001-жылдың қаңтар айынан бері ҚР көлік және коммуникация министрінің орынбасары лауазымында отырды.