KZ-today тілшісіне ақпарат министрлігінен хабарлағанындай, мекеме басшысы Алтынбек Сәрсенбаев сайлау кезінде министрлік өкілеттігін уақытша тоқтататынын мәлімдеп Елбасына арыз берді. Елбасы бұл арызға қой қойған кешегі күннен бері министр кезектен тыс демалысқа шықты. А.Сәрсенбаев парламент мәжілісінің сайлауына "Ақ жол" партиясының партиялық тізімі бойынша ат ұсынған.
Ал ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова KZ-today тілшісіне берген сұхбатында "өз өкілеттігін бірінші орынбасарына әлдеқашан өткеріп қойғанын" хабарлады. Парламент мәжілісінің сайлауына "Отанның" партиялық тізімі бойынша түсетін министрдің пайымдауынша, "мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін бүкіл үміткерлер осындай қадам жасауы тиіс". "Сайлау алдындағы науқан мен негізгі лауазымдық міндетті қатар алып жүру мүмкін емес",- дейді министр.
А.Самақованың айтуынша, соңғы күндері ол Қазақстан аймақтарын біраз аралап шыққан. Өкілеттіктен бас тартпаған күнде "бүкіл мекеменің жұмысын кідіртіп қойған болар едім" деп пайымдайды министр. Ол өзінің тіпті "мемлекеттік көліктен де бас тартқанын" жеткізді.
Дейтұрғанмен, А.Самақова "қоғамдық іс-қызметпен әлі де айналысуда", ол ҚР президентінің жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияны әлі де басқарады. "Комиссия консультативтік-кеңес органы болуға байланысты қоғам қайраткері ретінде мен бұл іспен қатар айналысып келемін",- деді ол.