Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жария етеді (толықтырылған нұсқа)

"Мен сіздерге жұмыс тобына қатысқандарыңызға алғысымды білдіру үшін қорытынды әңгімеге шақырдым. Сіздердің өмірдегі тәжірибелеріңіз бен беделдеріңіз мен осы аптада парламент палаталарының бірлескен отырысында жария ететін Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінен ескерілді. Олар бірнеше мәселеге қатысты болып отыр",- деді президент.

"Біріншіден, президент өкілеттігінің бір бөлігін парламентке беру және парламентті сайлау жүйесі. Екіншіден, саяси партиялардың рөлі. Үшіншіден, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін арттыру. Төртіншіден, құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту. Бесіншіден, адам құқықтары мен бостандықтары кепілдігін дамыту. Осы бес тармақ бойынша біз нақты өзгерістер енгізуге тырыстық және біз оған әзірміз деп санаймын", - деді президент отырыстың ашылуында.

Отырыс аяқталғаннан кейін өткен брифингте Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Роговтың берген түсініктемесіне сәйкес, өзгерістер бірінші кезекте парламенттің өкілеттілігін арттыруға қатысты болмақ. "Парламенттің өкілеттілігі аясының кеңейетіндігі соншалық, ендігі жерде президенттік басқару нысанынан президенттік-парламенттік басқару нысанына көшу жайлы айтуға негіз бар",- деді И.Рогов.

"Саяси фракциялардың заң шығару барысындағы және үкіметті жасақтаудағы ролі айтарлықтай өседі. Саяси партиялардың ролі артып, мәжіліс пен сенаттағы депутаттардың саны артады. Бірақ бұл орайда нақты сандар айтылған жоқ - ол президенттің құзырындағы іс. Ол тиісті өзгерістерді парламентке енгізу барысында жария етіледі",- деді И.Рогов.

Сонымен бірге қоғамдық бірлестіктердің ролі де арта түспек. Жобаның бірқатар тұстары адам мен азаматтың құқықтарына қатысты. Соттарды жасақтауға қатысты өзгерістер бар. Нәтижесінде көптеген ережелер жеңілдетіліп, сот жүйесінің тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Тұтастай алғанда құқық қорғау жүйесінің жұмыс істеу жағдайына өзгерістер енгізіледі, атап айтсақ, прокуратура, алдын-ала тергеу және анықтау органдарының іс-қызметіне қатысты ережелер өзгертіледі. Бірқатар конституциялық нормаларды әсіре нақтылау алынып, бұл мәселелер конституциялық және басқа да заңдардың құзырына беріледі, деді Конституциялық кеңес төрағасы.

"Жалпы алғанда енгізілетін өзгерістер біздің қоғамымыз бен мемлекетімізді мейлінше демократияландыра түсуге, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын мейлінше қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді",- деді И.Рогов.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын парламент палаталарының қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс төрағасының бұйрығымен парламент палаталарының бірлескен отырысы 16-мамырға межеленген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті